Ливан Республикасының азаматы қара уылдырықпен ұсталды

  Атырау қаласының № 2 сотында Қазақстан Республикасының ҚК-нің 339-бабымен Ливан Республикасының азаматы Э.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушы Э. 2017 жылдың қараша айында «Мерей» базарында өзіне таныс емес адамнан пластикалық ыдысқа салынған жалпы салмағы 2 келі болатын бекіре тұқымдас балық уылдырығын 120 000 теңгеге сатып алып, өзінде заңсыз сақтаған. 2017 жылдың желтоқсан айында Стамбул қаласына ұшып бара жатқан өзінің досы Х. арқылы 4 пластикалық ыдысқа салынған уылдырықты беріп жібереді. Әуежай полиция қызметкерлерінің тексеруі кезінде Х.-ның жүгінен  бекіре тұқымдас балық уылдырығы табылған.

Сот отырысында сотталушы Э. және оның қорғаушысы кінәні мойындау туралы процесстік келісімді жасауға ерікті түрде ниет білдірген.

Сот үкімімен Қазақстан Республикасының ҚК-нің 339-бабымен Э. кінәлі деп танылып, оған 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни  1 134 500 тенге айыппұл жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

                                                                                        С. Муньянова