ЛӘЗЗАТ ТАНЫСБАЙ «QAZAQSTAN» КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Бүгін «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ-қа Ләззат Танысбай төраға болып тағайындалды.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында бөлісті.

«Бүгін «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ ұжымына жаңа басшы – Ләззат Танысбайды таныстырдым. Ләззат Мұратқызы белгілі журналист, телевизия саласының білікті маманы әрі табысты топ-менеджер екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Л. Танысбай қазіргі уақытқа дейін қолға алынған іргелі шараларды одан әрі жалғастырып, корпорацияны жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Ал, бұған дейін төрағалық қызметті абыройлы атқарған Ерлан Тынымбайұлы Қаринге алғыс айтып, жаңа қызметінде табыс тілеймін!» – делінген жазбада.

Ләззат Мұратқызы – Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауылында дүниеге келген.

Алматы халықаралық журналистика интитутын бітірген. Халықаралық бизнес университінің МВА дәрежесін қорғаған.

Еңбек жолын 1993 жылы Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясында редактор қызметінен бастады, одан кейін репортер және тележүргізуші қызметін атқарды.

«Хабар» агенттігінің іргетасы қаланған күннен бастап (1996 ж-2002 жылға дейін) жаңалықтар қызметінің редакторы – жүргізушісі, атқарушы продюсері болып еңбек етті.

2002 жылы мемлекеттік қызметке ауысты. Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Баспасөз қызметінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, бас инспектор қызметтерін атқарды.

2005 жылдың қыркүйек айынан бастап 2008 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі, Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары болды.

2008 жылдың қазанынан бастап 2011 жылдың қарашасына дейін – «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2011 жылдың 4-қарашасынан бастап – ҚР Ақпарат және байланыс вице-министрі.

2012 жылдың ақпанында «Астана қ теледидары» ЖШС-ның Бас директоры болып тағайындалды. 2018 жылдан бастап «Нұр Медиа» холдингін басқарды. Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты,

«Құрмет» орденінің иегері (2010), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Elana.kz