Қызмет бабында көз жұмған полицейді туған ауылына жерледі
Меркі-Шу-Бурылбайтал тас жолындағы жантүршігерлік жол апатынан қайтыс болған полиция инспекторы Абылайхан Сауытұлы Әбішкенді жексенбі күні туған жері Ақкөл ауылына жерледі. Ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне марқұмның туған-туыстарымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов және Ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысты.
Қаралы жиында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Олжас Мырзабеков Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың көңіл айту жедел хатын оқып берсе, облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал- майоры Арманбек Баймурзин марқұмның мезгілсіз қазасына байланысты туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты. Сондай-ақ, қызмет бабында қайтыс болған Абылайхан Сауытұлының отбасына қажетті көмек берілетіндігін жеткізді.
Сонымен қатар, орны толмас қазаға ортақтасқан аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің көңіл айту жеделхатын оқып берді.
Полиция аға лейтенанты Абылайхан Әбішкен Жамбыл облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны саптық бөлімінің инспекторы қызметін атқарған. Талас ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген.
Көз жұмған тәртіп сақшылары Ғалым Арыстанбаев пен Абылайхан Әбішкен «Айбын» орденіне ұсынылды.