КҮЗДІК АРПАҒА ОРАҚ ТҮСТІ НЕМЕСЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУДЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Былтырғы жылдағы аптап ыстық пен жерге бір тамшы тамбаған қуаңшылық, ең алдымен, жыл еңбектеніп, нәпақасын кетпен шауып, Жер-Ананың төсінде тер төгу арқылы ажырататын шаруалардың кең көсілуіне айтарлықтай кедергі жасады.
Иә, табиғаттың тылсым күшіне ешкім де қарсы тұра алмайды. Дегенмен, шаруашылығын шатқаяқтатпай, жер астына ұңғыма ұрып шығарған тіршілік көзі – «жекеменшік» суы арқылы ісін дөңгелентіп отырған ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары да бар. Оның ішінде, Ақаралдағы А.Бондарьдың «Гүлдері» мен Жамбыл ауылдық округіндегі «Қуан и Д» шаруа қожалықтарын көргенде, табиғаттың жауын-шашыны мен жылдан жылға қат болған ағын суға тәуелді болмаудың жасырын емес сырын ұққандай боласың.
Айтып-айтпай не керек, жоғарыда жазылғандай, өткен жылдағы ауа-райының қолайсыздығы баршамызға өзінің кері әсерін аямай тигізгені анық. Яғни, азық-түліктің бағасы күрт өсіп, бір шөкім шөптің құны алтынға тең дейтіндей шамаға жетіп, шарықтағанының нәтижесінде мал өнімдерінің қалта қағар бағасы да еселей артты. Сайып келгенде, азық-түлік қауіпсіздігіне аса мән беру керектігін тек қана үкімет емес, қайткенде де құрсақ тойдыруы тиіс үйдегі ойын баласының өзі ұққандай болды.

Ендігі жерде не істемек керек? Айыр қалпақты ағайынымыз, қырғыздар «Үлкен Шу каналына қашан су құяды?» – деп, (онда да тобықтан аспас су жіберетіндері рас) шығысқа қарап көз талдырғанша, Меркінің мол жерасты су бассейніне иек артқанымыз жөн. Жоғарыда айтылған, «Қуан и Д» 280 метр тереңдікке ұңғыма ұрып, 50 гектар қант қызылшасын өсіріп, «қуанып» отырса, «Гүлдер» де сондай әдіспен бағын жайқалтып, көшетін көбейтіп, шын мәнісінде «гүлдеп» отырғанынан үлгі алғанымыз дұрыс-ау.
Рас, «Фирма «Еламан» ЖШС-гі ауданымызда 46 жер асты ұңғымасын қазуды өткен жылдан бері бастап та кеткен, оның біразы бітті де. Алайда, «Ортақ өгізден оңаша бұзау артықққа» саятын қазекеңнің қалыбы қалыптасқан қағидасын есте сақтап, түрлі тәуелділіктен ажырау үшін жер құдықтың да шоқтығы биік, ал, «құдіреті» күшті екенін мойындағанымыз абзал сияқты.
Ал, енді ат ойнатып тұрған тақырыбымызды ашып, арпа ору науқанына да жақындайық. Иә, жаз айының екінші онкүндігінде Қанат Шайхиев басқаратын «Сыпатай батыр» серіктестігі қара күзде 180 гектар алқапқа орналастырған күздік арпасына ауданда алғашқы болып орақ салды. Біздің климатқа өте ыңғайлы әрі төзімді, сонымен қатар, ерте пісетін отандық «Жасөркен» сұрыпты күздік арпа өзінің «туыс-жақындарынан» гөрі ерте «есейіп», өнімді де жоғары береді.
Тағы бір айта кетерлігі, жерді аялап, оның технологиялық өңделу жағына көп көңіл бөлетін және тұқым мен тыңайтқыштарды орынды таңдап, уақытымен жерге сіңіретін Шайхиевтің шаруашылығы «шайқалмауының» да бір сыры осында жатыр. Нәтижесінде, орақ түскен осы аптаның дүйсенбісі күнгі ақпар бойынша сыпатайлықтардың «Жасөркен» арпасының орташа өнімділігі әр гектардан 30-35 центнерден айналып, арпа толы арбалары қырманға ағыла бастады.
Осы ретте, көркем нәрсені көрмек үшін аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаев, аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Достай Сәрсембиев пен аудандық тұқым инспекциясының басшысы Нышан Бәзілов «Сыпатай батыр» серіктестігіне арнайы ат басын бұрып, ағымдағы жыл – егіннің бітік шығып, қамбамыз мейлінше толатын құтты жыл болғай деген тілектерін білдіріп қайтты.
Ал, енді Шайхиевтің шаруашылығына келсек, аудандағы элиталық және көбейтілген тұқым өндіруші ұжым саналатын олар биылғы өнім үшін барлығы 1100 гектарға күздік бидай, 300 гектар алқапқа арпа, 145 гектар жерге қант қызылшасын отырғызған екен.
– Биылғы ауа-райына ешқандай өкпем жоқ. Уақтылы тірлік жасаймын деген шаруаға жағымды жыл болып тұр. Егін өсірушілерге айтарым – «Жерді дұрыс өңдеу-сапалы тұқым-керекті тыңайтқыш» формуласын сақтаса, көл-көсір табыс та қораңа өзі кіреді – дейді, білікті басшы Қанат ағамыз.
Осы орайда, меркілік шаруаларға жанашырлықпен құлаққағыс жасасақ – биыл бұл шаруашылық 500 тонна элиталық күздік бидай, 1500 тонна 1-репродукциялы тұқым, ал, жаздық арпадан 300 тонна элиталық тұқым өндіруді жоспарлап отыр.
Бұл ақпардан шаруалар үшін шығаратын қорытындымыз – ерте бастан Шайхиевке жақындап, енді 3 айдан кейін-ақ себіле бастайтын күздік арпа мен бидайдың сапалы тұқымын таусылмай тұрғанда дорбалап болса-дағы үйіңе тасып ал! Сонда ғана келер жылы ұтылмайсың.
Сөз соңында, аудан бойынша ақпарат бере кетсек, алдағы уақытта өңірімізде 26960 гектар бидай, 29717 гектар арпа, барлығы 56677 гектар дәнді масақты дақылдар ораққа түсіп, оған жалпы 160 комбайнды жұмылдыру жоспарда тұр. Сонымен қатар, биылдың өнімі үшін ауданымызда 5000 гектар жоңышқа, 7540 гектар мақсары (бұл жоғары цифр, мүмкін сұйық май арзандап қалуы да кәдік), 665 гектар жүгері, 2008 гектар қант қызылшасы, 2370 гектар көкөніс, 450 гектар бақша мен 1055 гектар картоп өсірілуде. Осы аталған дақылдардан сапалы да мол өнім алу мақсатында Ана-Жер берекесін, Көк нұрын төксін – деген тілегіміз бар.

Көркем Асқар