Күн тәртібінен түспейтін мәселе

Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы елімізге танымал қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн форматта «Пайда ойлама, ар ойла…» атты рухани-танымдық семинар ұйымдастырды.

Бұл туралы аталмыш басқарманың баспасөз қызметі мәлімдеді. Шараны облыстық тілдерді дамыту басқармасы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің превенция және парасаттылық басқармасымен бірлесе өткізді.

Семинардың мақсаты – қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық білімді жетілдіру, жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту, әкімшілік тосқауылдарды болдырмау және жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті насихаттау, қазақстандық патриотизмді дамыту, рухани құндылықтарымызды дәріптеу. Ұйымдастырушылар қоғамдағы дерттің біріне айналған бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, қоғам болып, ел болып күресіп, азаматтық қоғамның белсенді өкілдерімен біршама тосқауыл қоюға боларына сенімді.

Онлайн форматтағы шараны Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ғаниева жүргізді. Шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаменті превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Біржан Хайруллин, Қазақстанның Еңбек сіңірген және ҚР Мәдениет саласының қайраткері, жазушы Сәуле Досжан, саясаттанушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филолог Дос Көшім, гуманитарлық ғылымдар магистрі, жас қаламгер, әдебиеттанушы Маралбек Базылбеков қонақ ретінде шақырылды. Олар ар, иман және адалдық қасиеттер, жемқорлықты жеңу жолдары, Абай түсіндірмесіндегі «қоршылық өмір» тақырыптарында жастарға ой салатын тағылымды жолдар туралы әңгімелеп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

«Пайда ойлама, ар ойла» деген Ұлы Абайдың сөзін негізге алған ұйымдастырушылар қазақ елінің гүлденуі, оның болашағы таза қоғамға байланысты деген тұжырым жасады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы