«КУНСКАМЕРАДА» БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ 1000 БАСЫ ЖАТЫР!

Елі үшін, азаттық үшін  бас көтерген халықтың сүт бетіне шығар қаймақтарының басын кесіп алу қас дұшпанның ең сорақы, ақтауға келмейтін  жауыздықтарының бірі. Бұл атам заманнан келе жатқан қанды тәсіл.  Тарихта мұндай қаніпезерліктің жүздеген емес мыңдаған мысалы бар. Басты кесіп алып қана қоймай, оны бағанға,  халық көп жүретін жерлерге іліп қою да елді шошытудың, рухты өлтірудің таптырмас айласы.
Шошынған жүректен,  тапталған рухтан,  жер болған намыстан,  мүжілген жігерден бұдан кейін еңсе көтеру оңай болмайтынын қалай білген жауыздар!
Әріге бармай-ақ қояйық, теріскейдегі көршіміз Санкт – Перебургте мыңға тарта бас кунсткамерада әлі күнге рухтары шырқырап жатыр! Мың бас!
Мұны маған ертеректе жазушы Думан Рамазан айтқан. Қамығып айтқан, жабығып айтқан!
Еркіндікті аңсаған,  озбырлыққа шыдамаған мың бас «тұтқында» жатыр! Олар әр ұлттың рухы мықты ұландары еді!
Көкейдегі сұрақ: ол бастар несімен қауіпті, несімен айбарлы? Неге оларды әлі күнге Ресей мемлекеті қыруар қаржымен «күтімде» ұстап отыр. Бұл не үшін керек оларға?
Елдегі «оқымаған» шалдар айтады:  Ол бастар жерге қайтса,  тұтқындағы рухтары да елге оралады. Ондай қайсар рухтардың ұрпағына қайтқанын кім жақсы көреді? Сондықтан  ол «бастарды» «тұтқыннан босату» қиын шаруа болып тұр ғой өзі. Негізі айтқан сөздерінің «жаны» бар секілді. Олар бізден емес, ата-баба рухынан қорқатын тәрізді.
Өзге «бастарда» шаруамыз  жоқ, орыс өлкесінде «сақтаулы тұрған»  қазақ  рухының көшбасшылары Кенесарының,  өзге де бізге беймәлім батырлардың бастары  ел үшін өте құнды.
Әупіріммен Кейкінің басы қасиетті Торғайға оралды. Келешекте елдің де рухы оянарына сенім мол…
Торғай – Арқалық тасжолының бойында, Тасты ауылының  қырқасында Кейкі батырдың кесенесі тұр. Бассыз көмілген зиратына да қаншама жыл халық зиярат жасап,  дұға етіп келді.
Кейін Кейкінің Ресейге «сапарлап» кеткен басы қайта оралып,  қайтадан арулап көмілді.  Жүрек жұтқан батыр бабамыздың жатқан жері жайлы,  топырағы торқа болғай!
Жүрек жұтқан демекші,  Кейкі батырды сатқындар орға жығып, қастандықпен өлтіргені белгілі. Ел аузында мынадай аңызға бергісіз әңгіме бар.
Кейкі батырды қапысын тауып өлтірген жауыздар басы кесілген денені көмуге апара жатып: «Осы Кейкі көзсіз батыр ғой. Оны талай рет көрдік.  Мұнда бір гәп бар болуы мүмкін.  Осының жүрегін жарып  қарайықшы. Кім көріп тұр дейсің» деп,  есіл ердің кеудесін паршалап, жүрегін суырып  алған ғой. Сонда өз көздеріне өздері сенбей тұрып қалыпты. Батырдың жүрегінде түк бар екен. Ол түк қара қошқылданып, айбар шашып тұрыпты” деседі.
Әлгілер бұл ғажап оқиғаны халықтан қанша жасырса да, түнде түстеріне кіріп шошытқан көрінеді.  Сосын жұртқа жария етпеске амалдары қалмапты…
Жүрегінде түгі бар Кейкі батыр, елінің бостандығы үшін күрескен Кейкі батыр, өлімінің өзімен елге аңыз болған Кейкі батыр халқының жадынан жер беті жойылғанша шықпақ емес.  Әлі талай ұрпақты Алланың қалауымен рухы желеп-жеберіне сенемін!

P.S. Әрқайсысы баға жетпес бабаларамыздың кесіліп алынған бастары Ресейде жатыр. Қорлық па, қорлық болғанда қандай! Біз мәселеңки орыс батырларының бір басын сақтайықшы, қандай шу боларын көзге елестетудің өзі қиын. Ал бір емес, он емес, мың бас жатыр! Біз неге үнсізбіз? Рамазан сынды бірен-саран азаматтар ғана өз күшімен әрекет етіп жүр. Билік бұған неге назар аудармайды? Рухымыз ғана емес, ол қасиетті де киелі бастармен бірге намысымыз да оралады емес пе?!

 

Нағашыбай Қабылбек