«Күл-тегін». Ағымсалы Дүзелханов (1951-2025) суреті.
Күл-тегін () – түрік тарихында аты алтын әріптермен жазылған данқты тұлға, ұлы қолбасшы. 685 жылы дүниеге келген Күл-тегін – Көктүрік мемлекетін қайта тірілткен Елтеріс қағанның ұлы, Білге-қағанның інісі. Ол жас кезінде әскер басқарып, түркі тайпаларының басын қосқан шайқастарда ерлігімен көзге түскен батыр, қолбасшы. Ол жай жауынгер емес, елі үшін тер төккен қайраткер. Орхон жазбаларында Күл-тегін 47 шайқасқа қатысып, барлығында дерлік жеңіске жеткен. Қытай, қырғыз, түргеш, басмыл, қарлұқтарға қарсы жорықтарда түрiк әскерiн бастап, жеңіс туын желбіреткен тұлға. Ағасы Білге-қаған мемлекетті басқарса, Күл-тегін әскер басқарып еліне қорған болды. Ата-баба дәстүріне адалдығы сияқты оның ерлігі де ерекше. Ол амбиция немесе лауазым үшін емес, ұлттың бірлігі мен мемлекеттің сақталуы үшін өмір тер төкті. Күл-тегін 731 жылы 47 жасында дүниеден озды.
Ағасы Білге-қаған інісінің жерлеу рәсімін өткізіп, бүгінге дейін сақталған Күл-тегін ғұрыптық кешенін тұрғызды. Бұл тас ескерткіш жай ғана құлпытас емес, түркі тілі мен тарихының алғашқы жазба құжаты, кешенді мәдени ескерткіші. Білге-қағанның сөзімен жазылған «Тәңірі мәңгі өмір сүруге, ал адам баласы өлмекке жаралған» деген сөздері Тәңірінің ұлылығының, адамның өткінші екенін мойындауы, інісіне деген махаббатын аңғартады. Күл-тегін есімі ғасырлар бойы түрік тарихында ерліктің белгісі ретінде есте қалды. Оның естелігі Орхон даласында, Күл-тегін мәтінтасында, дала көшпелілерінің жадында ерекше сезіледі. Күл-тегіннің ерлігінде көшпелілердің жауынгерлік рухы, еркіндік пен ұлылық сыйпаттары ұштасқан. Ол елі үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, бастылыны идіріп, тізеліні бүктірген, шығай (кедей) халықты бай қылған мемлекетшіл қайраткер, асқан ержүрек тұлға.
Талғат Молдабай.

