Конституциялық құндылықтар президент реформаларының стратегиялық бағытының негізін құрайды – Қарин

Ерлан Қариннің айтуынша, бірінші басымдық – конституциялық құндылықтар.
Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Қарин елдің ішкі саясатындағы үш негізгі басымдықты атады. Олар – конституциялық құндылықтарды орнықтыру, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және болашаққа ұмтылу, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ерлан Қариннің айтуынша, бірінші басымдық – конституциялық құндылықтар. Олардың қатарында Заң мен Тәртіп үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация, еңбекқорлық, қоршаған ортаға жауапкершілік және жасампаз патриотизм бар.

Бұл құндылықтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған стратегиялық реформалар бағытының негізін құрайды. Осыған байланысты бейінді мемлекеттік органдар Президенттің ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы Жарлығын және Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға баса назар аудармақ.

«Аталған үш басымдық біздің қандай қоғам құрып жатқанымыз және ертең қандай елде өмір сүретініміз туралы басты сұраққа нақты жауап береді. Ол үшін біз жасампаз күн тәртібіне сүйеніп, конституциялық құндылықтардың аясында жүйелі әрекет етуіміз қажет», – деді Ерлан Қарин.

Екінші басымдық – жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру. Бұл бағыт қоғамда прогрессивті мінез-құлық нормаларын орнықтыруды, құндылықтық негізді нығайтуды, қоғамдық өмірдің архаизациясына және тарихи фактілерді бұрмалау әрекеттеріне қарсы тұруды көздейді.

Бұл ретте «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыруға, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы мен «Таза Қазақстан» жобасына ерекше көңіл бөлінбек.

«Жұмыстың жаңа тәсілдері мен форматтары қажет. Атап айтқанда, бірыңғай цифрлық платформа құру, ұлттық тазалық стандарты мен өңірлердің тазалық рейтингін енгізу арқылы Президенттің „Таза Қазақстан“ бастамасын кең ауқымда іске асыру керек», – деп атап өтті Вице-президент.

Үшінші басымдық – болашаққа ұмтылу және адами капиталды дамыту. Негізгі назар ғылым мен білімге, инновациялар мен технологияларға, мәдениет пен ағартушылыққа аударылады.

Бұл бағыт «Қазақстан балалары», «Оқуға құштар ұлт», «Digital Qazaqstan» секілді стратегиялық бастамалар арқылы жүзеге асырылмақ.

«Түпкі мақсат – болашаққа сеніммен қарайтын мықты мемлекет пен озық ойлы қоғам қалыптастыру», – деді Ерлан Қарин.

Осылайша, аталған үш бағыт Қазақстанның ішкі саясатындағы алдағы жұмыстың негізгі бағдарларын айқындайды.

 

QAZ365.KZ сайтынан  https://qaz365.kz/politics/19982-kazakstanda-ne-ozgeredi-erlan-karin-ishki-saiasattyn-ush-basymdygyn-atady/