КӨМЕЙІ ТЕСІК ПЕ ЕКЕН?
Екі ғасыр бұрын өмір кешкен әйгілі тура бидің бірі — Шоң би қойған осы сұрақты бүгінде жұрт өзгеше саптайтын болды. Өкінішке қарай, «бет моншағымыз үзілгені» сонша айтыс-тартыста немесе ұрыс-керісте болмаса парақор мен құнамақорды ешкім дәл нұсқап яки бетіне басып айта қоймайды. Өйткені, қолданыстағы заң бойынша пара берушінің өзіне де жаза бар. Сондай-ақ сот шешіміне дейін де, кейін де көп нәрсені айтудың, жариялаудың өз жөні бар.
Дегенмен, ондай сөз жерде жатпайды. Сондықтан, мәселесін шешкен де, шешпеген де жасырын жемқорды өсекке таңудан арыға бармайтын сияқты.
Марқұм, жазушы Қалтай Мұхамеджан ағамыз өзіне тән әзіліне шынды араластырып: “Қазақ алғанын айтпаса да, бергенін айтады” дейтін-ді.
Қазір тіршілікте түрлі салаға дендеп кеткен жемқорлық дертін анықтау, жауапкершілікке тарту т.б. заңдық істермен арнайы мемлекеттік құрылымдар айналысады. Сонымен бірге бірқатар қоғамдық ұйымдар да қал-қадерінше күресіп-ақ жүр.
Соның ішінде жаңа Конституция қабылдау кезінде белсенділік танытқан “ЖАҢАРУ республикалық қоғамдық бірлестігі де бар.
Әлбетте, тұтас елімізде әділеттілік орнату — бір күннің шаруасы емес. Құқық бұзу фактілері анықталып, қатаң жазаға тартылып жатқандарға қарамастан жемқорлық (“сыбайласқан” деген сипатпен әспеттемей-ақ) әлі тыйылмай келеді.
Әлемдік тәжірибеде оның жолын қиюдың тың жолдары да, формалары да жетерлік.
Алысқа бармай-ақ, өз тарихымызда қатталған, ата дәстүрімізде сақталған жолын еске түсірсек те артық болмас.
Мысалы, Әз Жәнібек хан:
“Пара — өткелсіз көпір, өшпес өрт!
Жемқорлық – ұятсыз өмір, жазылмас дерт!
Екеуіне де — өлім серт! Құны қанжығада!” — десе,
Байсерке шешен:
“Парадан алған түйеден,
Адалдан жиған ешкі артық…” деп қалай кесіп айтқан десеңізші?!
Иә, өмірдің ащы ақиқаты көрсеткендей, бар пәле — сананың сырқатында. Әйтпесе, электронды қарым-қатынастар, қызметтің алуан түрін көрсету, пайдалану қарыштап дамып жатқан кезде халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, мәдени-ағарту, т.б. салаларында заңсыз іс-әрекетке бару, жеке бастың пайдасын күйттеп, дәмету арқылы қылмыс жасау — нағыз тоқыраудың, кері кетудің белгісі.
Әрине, осы көкейкесті мәселені заң, психология, әлеуметтану салалары мамандары бірлесе қарап, зерттесе кәне? Дәуірі қатал болған соң, хан мен би кесіп түсетін, дертті сылып тастайтын пәтуа жасасты. Жасақ, жарғы әзірлеп, орындады.
Қазіргі заң мен адамгершілікке иек артқан заманда түрмедегі қанішер мен кәнігі қылмыскерді халық салығына ұстап, түзелер деп үміттеніп, рахымшылықпен «басынан сипауға» тура келеді…
Оның салдары әрбір көзі ашық адамның көкейінде сайрап, жадында жатталып тұр.
Біз қай кезде де әлем тәжірибесіне қараймыз.
Заң мен тәртіп қағидатын сақтау тұтас құқық қорғау жүйесінің әділдігіне, тазалығына көрнекті өлшем болуға тиіс. Егер әрбір саналы адам оған үлесін қосып жатса, қоғам сапаға қарай өзгереді.
Қазір видео, фототіркеуден, телефон арқылы байланыстан өзге де айғақтар табу ешқандай қиындық туғызбайды.
Әрине, құқық бұзушылардың (жемқорлық, ұсақ ұрлық, алаяқтық) барлығын жаппай жазалауға мемлекеттік орындардың мүмкіндігі, күш-қуаты жетеді. Алайда қазіргі экономикалық, әлеуметтік жағдайымызды, яғни еліміздегі жұмыссыздық деңгейін, еңбек табысының төмендігін ескеру маңызды. Ең тиімді жол — оның алдын алуға көп мән беру. Мұндай күнделікті ағартушылық міндет, құқықтық сауатты жетілдіру үрдісі — әрбір ұжымның, отбасының абыройлы ісіне айналуға тиіс.
Егер қоғамымыз сырттай бақылаушы рөлінде қала берсе, ал халық айыппұлдан көз ашпайтын болса, еліміздегі құқықтық сауаттылықты, мәдениетті кім қалыптастырмақ?
Сондықтан адам капиталын дамытуға да дер кезінде көңіл бөлініп отыр. Біздіңше, ең алдымен білім беру, денсаулық сақтау, отбасы институтын қолдаудың, оның нәтижесінің индикаторларын белгілеген жөн деп санаймыз. Әйтпесе ол жалаң ұран күйінде қалып қоюы ықтимал.
Әлеуметтік мәселе дұрыс шешілмесе, жазалау ешқандай нәтиже бермейді. Ал, қоғам жауаптылықты сезініп, адамдарды саналы болуға тәрбиелей бастайды. Әр қазақ “мен ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын” деп айта алады.
Өйтпеген жағдайда Шәкәрім қажының:
“Мақтан күйлеп, арамнан мал жинағанның орны — тозақ” дегені расқа айналады. Бұл — ар соты, қоғамның ашу-ызасы, ұрпағын, елін ойламағанның таудай қателігі екені ақиқат.
Дархан МЫҢБАЙ

