КӨКПАРДЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ!

Көкпарды ата бабамыз дүние, ақша, атақ үшін шаппаған!

Дала перзенттері көшпенділер, яғни біздің арғы аталарымыз сақтар мен ғұндар сайын далаға қожалық еткен көкбөрінің өзін көкпарға тартыпты. Неге олай, неге өйтті?
Бәлкім екі аяқты адамзат баласын қыспаққа салып жаншып жібергісі келген қатаң табиғатқа, жан жағынан қаумалаған көп дұшпанға көрсеткен қыры болар.. Қалай дегенде де, желдің өтінде, жаудың шетінде ғұмыр кешкен бабалар үшін көкпар ойынының, ойын емес ау, көкпар дәстүрінің ерекше орыны болғаны анық. Сол замандағы “тәңірім еді көкбөрі, көкбөрі маған өкпелі” -деген жыр жолдарынан бабалардың көкбөріні қасиет тұтқаны анық байқалады. Жау жағадан алғанда, етектен алған бөріні ат омырауына алып, тақымға басқан бабалар айбатынан ел мен жерге көзін тіккен талай дұшпан атының басын кері бұрған дейді. Өздері қасиет тұтқан көкбөріні шауып бара жатқан ат үстінен іліп, біріне бірі лақтырып, тақымға басып, тартысып жүрген бабалар осылайша көкпар ойынын дүниеге алып келіпті. Көкпар сөзінің шығу тарихы, түп төркіні “Көкбөрі” екені осыдан ақ мәлім!

 

көкпар hashtag on Twitter

Көкпар тартысына түскен жігіттер біріншіден мықты болды. Олар ептілікке, батырлыққа, ер жүректілікке үйренді. Көкпар шапқан жігіттің ел мен жерді қорғауға, отанын сүйуге, елінің патриоты болуға қабілеті зор болды. Себебі көкпар ойыны жігіттердің бойына намыс отын қалыптастыра білді. Көкпар додасының қақ соғы жігіттерді шыдамдылыққа, төзімділікке, қайсарлыққа баулыды. Тартысқа төзім беріп, көкпар додасында шыңдалып өскен жігіт, өмір көкпарында да ешкімге дес бермеді. Сондай ақ, өмір сүруді, өмірде кездесер қиындықтарды жеңуге үйренді (біреуге арқа сүйеуді емес..)
Осылайша Қазақтың басын қосуға, елі мен жерін жаудан азат ету мақсатында шыққан көкпар ойыны алғашында әскери жаттығудың бір түрі ретінде өтсе, бертін келе, жау жоқ жылдары, бейбіт заманда елдің ас жиын тойларында жаппай тартысатын үлкен үрдіске, ұлттық ойынға, ұлттық дәстүрге айналды! Сондықтан да көкпар Қазақ халқының төл туындысы, ұлттық құндылығы, ат спорты ойындары ішіндегі ең күштісі саналады!
Қазақтар өздерінің сұстын өзге жұртқа көрсету үшін тартысқа тана (өгіз) тастап отырған. Тана тартуға аттың аты, жігіттің жігіті шыдас берген. Тартысқа түскен жігіттер тарттың деп сыр алдырмаған. Тартқанға көз аларту, қамшы көтеру, байлап шабу жігіттікке жатпаған! Қаумалаған қалың қолдың тартысына төтеп берген мықты жігіттерді ғана ел “Көкпардың көкбөрісі” деп атап, есіміне “балуан” тіркесін қоса сөйлеген!(қазіргідей байлап шабу, жетекке жүру, шылаудан ұстау, тартқанды ұру деген ұғымдар көкпар додасында мүлдем болмаған))
Жайдақ атқа мінген адамға ауру жоламайды деген Қазақ!
Көкпар әкелініп тастаған үйден бәле батер аулақ жүреді деген Қазақ!
Көкпардың еті мың түрлі ауруға ем деген Қазақ!
Ала құйын додадан әрең шыққан арғымақ аттың ащы тері көкпарға тамады, оны тартқан атандай азаматтың алақан табы серкеге сіңеді деген Қазақ!
Сондықтан да ұрпақ сүйгісі келген тұмса әйелге ырымдап көкпардың етін жегізген Қазақ!
Көкпарға қатысты мұндай ырым тиымдарды, тамаша тәмсіл сөздерді Қазақтан басқа өзге ұлт айта алмаған! Міне, осының өзі көкпардың Қазақ халқына тән, Қазақ ұлтына тиеселі дәстүр екеніне бірден бір дәлел бола алады! Қазақ пен көкпар егіз ұғым, бірі шапанның іші болса, бірі тысы! -деген сөз осыдан қалған! Бабалар көкпар ойынын шығарумен қатар, көкпарды тартудың мәдени үлгісін де қалыптастыра білген. Келесіде осы жөнінде, бабалар бекітіп кеткен көкпардың өз ережесі жөнінде айтамыз..

Авторы А. ЛАШКЕРҰЛЫ
“Қазақтың көкпары” тобынан..