КІТАПТАН ҚОЛ ҮЗБЕГЕН АБЗАЛ

“Білімнің бас құралы — кітап” — деп айқындап берген Ахмет Байтұрсынұлы:
“Оқусыз халық қашан бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшеді” деп ескертіп кеткен еді. Айтқаны айдай келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: “Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кі­тапханасыз адамның ойда­ғы­дай дамуы мүмкін емес. Бү­кіл әлемдегі кітапханалар – бі­лім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікір­лер­дің мекені. Электронды фор­маттың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітап­ха­наның ағартушылық рөлі еш­қашан мәнін жоғалтпайды” дегені де баршамызға көп міндеттер жүктейді.
Ахаңның есті сөзін естен шығарып алған атқарушы билік құрылымдары мен жеке сектордағы ұжым басшылары бүгінгі Президенттің ойын іске асыру бойынша қандай жоспар түзді екен? Нендей қам жасалып жатыр?
Әлбетте, кітап оқу апталығын, айлығын жариялауға ешкім қарсы болмайды. Ал, басты мақсат — білім жетілдіру ісін ұдайы, күнделікті үйреншікті әдетке айналдыру емес пе?..
Біздіңше, Ұлттық кітап күнін атап өту — бір министрліктің ғана шаруасы емес. Ортақ міндетті кітапханашыларға, баспагерлер мен қаламгерлер қауымына, ақын-жазушыларға тапсырып қойып, өзге отандастардың сырттан қарап отыруы да жараспайды.
Бұл — тұтас ұлтымыз, барлық сала басшылары атсалысатын, айналысатын әлеуметтік маңызы бар ағартушылық миссия, жұмыла көтеретін жауапты бұқаралық шара.
Әрбір қызметкерді ынталандырып, әр еңбек ұжымында, әрбір отбасыда кітап оқу дәстүрін жандандыру жолдарын тапса ғана жаппай кітап оқитын елдер қатарынан табыламыз. Жастарды кітап оқуға баулу ісі жалаң сөзбен, жадағай насихатпен орындалмайды, алдыңғы буынның үлгі көрсетуімен жүзеге асады.
Мысалы, елорда төрінде еріктілер күшімен ұйымдастырылған кітап алмасу шарасы, “Оқуға кеңес беремін” тақтасы сияқты өркениетті елдер тәжірибесі көпшіліктің көңілінен шықты деп айта аламыз.
Өкінішке қарай, жекелеген өңірлерде бұрынғыдай кітап көрмелері мен әдеби кештер өткізуден аса алмаған сияқты. Жаңа форматтағы бастамалар мен шығармашылық ізденістер жөнінде ақпарат әзірге аздау болып тұр, ерекше оқиғаны да көзіміз шалмады. Жеке кітапхана ашуды қолдауға болар еді, оларға жеңілдік жасауға кім кедергі?
Жалпы, қазір ұтымды іс-шаралар ескерусіз қалмайды, оларды қолдаушылар саны да күннен күнге артып келеді.
Қазір ресми деректер бойынша елімізде 3,9 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді екен, ал пайдаланушылар саны бір жыл бұрынғы 5,8 миллион адамға қарағанда 6,1 миллион адамға дейін өсіпті. Бұл — кітапханашылар еңбегінің нәтижесі. Кітапханалардың онлайн-ресурстарына жүгіну саны артып, электрондық деректер базасы кеңейе түскен.
Аз ба, көп пе, олардың сапасы мен қолжетімділігі жөнінде, әрине, бөлек әңгіме.
Кезінде қоғамдық пікірдің королі атанған француз жазушысы М. Вольтер айтқандай:
“Жазушының оқуға арзитын ғана туындысын басу керек. Бұл аяулы ереже кітаптың санын азайтқанмен, оқушылардың талғамын арттыра түскен болар еді”. Бәлкім, осы жағына арнайы мақсатты түрде сұрау салып, зерттеуге мән берген жөн шығар. Сонда халқымызға, ұлтымызға керек сапалы кітап өнімдерінің, соның ішінде балалар әдебиетінің көбірек жарыққа шығуына жол ашылып, нарық тұрғысынан ықпалдастық арта түсер еді. Қайткенде де терең білім, кәсіби шеберлік бізді көп бейнеттен, түрлі қиындықтан құтқарады, ортақ мақсатқа жұмылдырады. Сондықтан, саналы түрде жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек.