«Кітапқа екінші өмір сыйла» жобасы

Түркістанда «Кітапқа екінші өмір сыйла» жобасы аясында кітаптарды қалпына келтіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жоба барысында тозығы жеткен кітаптардың сыртқы мұқабасы жаңартылып, кітап блогы бекітіліп, жыртылған және бүлінген беттері қалпына келтіріледі. Әрбір кітап ұқыптылықпен өңделіп, қайтадан оқырман игілігіне ұсынылады. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл жоба кітап қорын сақтап қана қоймай, рухани мұрамызды келер ұрпаққа аман жеткізуге бағытталған маңызды бастама болары анық. Себебі әрбір қайта жаңғыртылған кітап білімнің жалғасы, тарихтың куәсі және ұлт қазынасының ажырамас бөлшегі дейді кітапханашылар.

Кітап қоры да жиі толығады. Жақында мемлекеттік тапсырыс аясында жаңа әдебиеттер келіп түскен. «Ана тілі» баспасынан жазушы Жақау Дәуренбековтың «Шағала» және Толыбай Абылаевтың «Арал дауысы» кітабы оқырманға жол тартты. Сонымен қатар, «Арда+7» баспасынан Асқар Егеубайдың «Жүсіп Баласағұн» және Мақпал Оразбектің «Абай шығармаларындағы әлемдік және ұлттық мәдени архетиптер» атты ғылыми еңбектері кітапхана қорын толықтырды. Жаңадан түскен бұл басылымдар қазақ әдебиеті мен ғылымының құнды туындыларын насихаттап, оқырмандардың рухани және танымдық сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

Кітапхананың алтын қоры құнды басылымдармен толықты. «Алтын қорға үлес қос» жобасы аясында кітапхана қорына ерекше маңызға ие құнды кітаптар табысталды. Руханиятқа жанашырлық танытып, игі бастамаға қолдау білдірген Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімі мен Қазақстанның Құрметті азаматы Абдазимова Победахон Юсупбекқызы кітапхана қорын мазмұнды әрі құнды басылымдармен толықтырды. Бұл кітапқа деген құрметтің, білім мен мәдениетке деген жанашырлықтың жарқын көрінісі ғана емес, әрбір елін сүйетін азаматтың жарқын болашаққа сенімінен пайда болады. Кітапхана қорына қосылған әрбір жаңа кітап – оқырман үшін баға жетпес қазына, ал ұлттың рухани мұрасын байытуға қосылған әрбір үлес – келешек ұрпаққа қалдырылған асыл аманат. Руханиятқа жасалған әрбір игі істің ұлттың болашағына салынған сенімді инвестиция екенін айтқан кітапхана қызметкерлері барша кітапсүйер қауымды жаңа кітаптармен танысу үшін кітапханаға шақырады.