Кітапхана болмаса кіріптар болар едік

 Бүгінгі таңда дәстүрлі кітапханалардың жойылып кету қаупі төніп тұр және қазіргі заманғы қоғам талаптарын қанағаттандырмайды деген пікірлер де айтылып жүр. Сол себепті де оны «виртуалды кітапханалар», ғаламтор ығыстырып келеді. Бұл көзқарас, бір жағынан, дұрыс та болар… Дегенмен, әр дүниенің өзіне тән артықшылығы мен кемшілігі болатыны сияқты, тізбектеп қарар болсақ, дәстүрлі кітапхананың да айтарлықтай артықшылықтары көп екен. Ол, ең алдымен, өзара пікір алмасуды, тәжірибе бөлісуді қажет ететін мұғалім мамандығы үшін таптырмас орын. Шындығында да, адамдар тек ақпаратпен қатар қарапайым өзара ой-пікір алмасуға да мұқтаж. Облыстың әр жерінен келіп, бастары түйіскен мұғалімдер қауымы үшін білгенін үйретіп, білмегенін сұрап алуға осы жерден артық жер де табылмас.

Әрине, өзгермелі қоғам болуы себепті кітапхананың да әлеуметтік институт ретінде өзгеруі қалыпты құбылыс. Ең алдымен оған келушілердің де қарым-қатынасы өзгереді. Бірақ, қалай болғанда да, дәстүрлі кітапханаларды түп-тамырымен жойып жіберу керек деу әлі ертерек. Педагог өміріндегі кітапхана рөлі маңызды мәселе. Кітапхана ақпаратты жинау мен сақтау орталығы бола отырып, қарым-қатынас орталығы, мәдениет ошағы болып қала береді. Сөйте тұра кітапханада ғаламторды пайдалану мүмкіншілігі де оның бір артықшылығын көрсетеді.

68 жылдық тарихы бар, Қарағанды облысындағы білімнің қара шаңырағының орнында өзінің өркенін жайған «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бүгінгі таңда облыс педагогтары үшін атқарып отырған еңбегі зор. Әрине, атқарылып жатқан үлкен істің жүзеге асуы үшін атқарар үлесі зор болмаса да, кітапхана жұмысын да бұл үдерістен бөліп қарау мүмкін емес. Әр жерден біліктілігін арттыруға келген мұғалімдерді қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, күнделікті жаңалықтардан құралақан қалдырмай отырған бұл саланы көркейту білім беру саласына қосылған үлкен еңбек болмақ. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалында бұл мәселе де тысқары қалған емес. Құрылғалы бері төрт жыл ішінде кітапхана қоры жаңартылып, тыңдаушылар үшін арнайы жағдай жасалып жатыр. Яғни, ол дегеніміз, курс тыңдаушылары кітапханадан сабақ барысына қатысты материалдармен, баспасөз құралдарымен танысып, қажет болса ғаламторды да пайдалана алады деген сөз. Әрине, бұл әлі бастамасы ғана… Алда атқарылар шаруа да, алға қойылған мақсат та үлкен. Олай болса ел болашағы үшін білім беру саласын өркендетіп, жаңалықты жақсы қабылдап жүрген ұстаздар қауымына оқылар кітаптарының көптігін, еңбектерінің жемісін тілейміз!

Алуа Бұқарбаева,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша

ПҚ БАИ кітапхана басшысы,

Тілеу Туғанбаева,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша

ПҚ БАИ Қоғаммен байланыс және баспа қызметі бойынша бөлімінің бас маманы