Кітап — болашаққа бастайтын бағдаршам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп атап өткен болатын.
Бұл – ұлттың рухани өзегін бекемдеуге бағытталған терең мағыналы тұжырым. Кітап, әсіресе көркем әдебиет, адамның ой-санасын тәрбиелеп, дүниетанымын кеңейтеді. Кітаппен сусындаған қоғамда парасат басым болып, жауапкершілік пен талғам биіктей түседі.
Осы асыл мұратты негізге ала отырып, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімімен аталатын өңірімізде де руханият пен әдебиетті дамыту, қаламгерлерге қолдау көрсету, кітап оқу мәдениетін жүйелі түрде насихаттау бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүзеге асып келеді.
Күні кеше Тараз төрінде өткен «Асқақ рухты Әулиеата» әдеби байқауының қорытынды кеші – соның айқын көрінісі. Байқауға қатысқан әрбір қаламгер сөз өнерін өркендетуге өз үнімен үлес қосты. Қолтаңбасын қалыптастыруға ұмтылған жас қаламгер де, шығармашылық биігін бағындырған тәжірибелі автор да – бәрі қазақ әдебиетінің келешегін көркейте түсетін ортақ мақсатқа жұмылды деп ойлаймын.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Балалар кітапханасы» жобасы аясында аймақта өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу, олардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ауқымды әрі мазмұнды жұмыстар атқарылуда.
Осы бағыттағы нәтижелі жобалардың бірі – облыс көлемінде жыл бойы ұйымдастырылған «Ой шебері» зияткерлік ойыны. Барлық аудан мен ауылды қамтыған бұл бастамаға 10 мыңға жуық бала қатысып, 160-тан астам көркем шығарманы оқып, талдады. Жергілікті қаламгерлер мен қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары негізінде өткен сайыстар балалардың ойлау қабілетін дамытып, сөзге құрметін арттырды, рухани ізденіске жетеледі.
Алдағы уақытта да игі шаралар өз жалғасын табады. Себебі, кітап – болашаққа бастайтын бағдаршам. Оқырман ұрпақ тәрбиелеу арқылы біз саналы тұлға, елге адал қызмет ететін азамат қалыптастырамыз. Бұл – өңір дамуының ғана емес, ұлт болашағының берік негізі.




