Кішкентай Бауыржанның сәлемдесуді үйренуі

Адамға тәрбие тал бесіктен сіңеді.Ең аяғы сәлемдесудің өзін балаға ата-ана үйретеді.Пайғамбарымыздың (с.а.с.) да сәлем жаюға үндеген хадистері баршылық. Ал Баукең болса, сәлем беруді қалай үйренгенін былай есіне алады: “Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен. Әкем дастархан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: “Аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?” – деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім.Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: “Ассалямуалейкум, аталар!” деп әр сөзді қадап-қадап айттым. Бұған әрине бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен мені араз етіп алмау үшін бәрі де бірауыздан: “әләйкүм салам!” десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: “Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді” – дейтін”. Міне, әке үйреткен осы сәлемді Баукең кейін өз ұрпақтарына да өсиет еткенін батырдың келіні Зейнеп апамыздың “Бабалар өсиеті” кітабынан біз де талай оқыдық. Оқыдық та, адамдар арасына “сәлем” жаюды осы кітап арқылы Зейнеп апаның бізге аманаттағанын ұғындық.