КИНОТАНУШЫ КАМАЛ СМАЙЫЛОВТЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН……..

Міне, «Қыз Жібекке» актерлерді іріктейтін сәт те келді. Ең алдымен, әрине, Жібекті дұрыс, дәл таңдап-тауып алу қажет. 1968 жылдың 1 қаңтарында «Лениншіл жас» газетіне Ғ.Мүсірепов сценарийінің үзіндісін жарияларда жазылған алғы сөзде студия атынан газет оқырмандарына өтініш-тілек айтылған еді.
“Осы Жібек роліне түсуге лайықты-ау деген қыздардың суреттері мен аты-жөндерін жазып, «Қазақфильм» киностудиясына жолдаңыздар» деген болатынмын. Соған орай студияға аз уақыттың ішінде 400-ге жуық хат келіп түсті.
Тұс-тұстан «Осы Жібек бола алады, осы Жібек болып ойнайды» деген қыздардың адрестері мен суреттері қаптап келді. Олардың ішінен 40-қа жуығы іріктеліп алынды да, олардың 15-і киноға түсіріп көруге Алматыға шақырылды.
Көркемдік кеңес қарап шықты да, бірін де таңдап ала алмады. «Жібектің серіктері бола алады, өзі бола алмайды» деген тұжырым айтылды. Тағы да іздейік десті. Режиссердің көмекшілері, қосымша жұмылдырылған адамдар тағы да республиканың ауыл-қалаларын аралауға аттанды.
Сөйтіп алыстан іздеп жүргенде, режиссер Мағауия Ғазел Меруерт Өтекешованы алып келді. Ол Алматының номері 66 мектебінде, 10-сыныпта оқиды екен. Әлі жас бала, сондықтан өте ұяң, қысылып ойнайды. Осы жағы алаңдатады.
Ғабит Мүсірепов: «Ертең драмалық, трагедиялы сәттерде өзін-өзі көрсете ала ма? Жібектің басына түскен ауыр салмақты көтере ала ма? Ертең «жеңдік» деген хабарды естігенде, «сүйіншілеп» ауылға қарай қарлығаштай самғайтын Жібекті, ат үстінде қолын екі жаққа жайып жіберіп аққудай қанат жая ұшатын Жібекті көрсете ала ма?» — деп орынды сұрақ қойды.
— Қазір олай зулай алмайды. Бірақ кино түсіру басталғанға дейін үйретеміз, жаттықтырамыз. Оған ынтасы да, ыңғайы да бар, — деді режиссер Сұлтан.
— Сөз жағы, өлең айту жағы қалай? — деген де сұрақтар қойылды.
— Ол кино үшін проблема емес жайлар, — деп Сұлтан Меруерттің кандидатурасын қорғап, отырып алды. Ақыры Сұлтан дегеніне жетті. Меруерт Жібек рөліне бекітілді. Айтылған күдіктердің бәрін ескеріп, атта жаттығу, сөзге жаттығу жұмыстарын олар бастай берді…
Әсет Ақмолда