Кіндік кесер

Кіндік кесер (салт). «Кемпірлер кіндік кесе бастады». («Жас алаш» газеті). Ел ішінде «кіндік шешесі» немесе нәресте туған сәтте оның кіндігін кесетін әйелдер дайын турады. Кейде олардың «жол менікі» деп таласатын кездері де болады. Кіндік кесу – мәртебелі, абыройлы іс. Байыпты әжелердің шешімімен кіндік кескен әйелге «кіндік кесер» кәдесі беріледі. Бұл да жолы бөлек кәде. Кейін де «кіндік шеше» деп аталатын әлгі әйел сол баланың анасы есепті құрметке ие болады. Кіндік баласын оның өз анасынан кем санамауы керек. «Кіндік шеше» кейін келіп бала үйінен өз қалауын да ала алады.

Баланың кіндігі түскеннен кейін де жасалатын халықтық ырымдар көп. «Елдің қорғаны болсын» деп ер баланың кіндігін атшаптырым жерге апарып көмеді. «Қыз отбасының тірегі болсын» деп от орнына немесе табалдырыққа көмеді.

Этнограф З.Ахметова:»Бұл күнде қыздарымыздың белдері ашық-шашық жүреді. Бүйректеріне суық тиетінін, бүйректің суықты бірден қабылдайтын өте нәзік әрі сезімтал мүше екенін білмейді. Кіндікті көрсетіп жүргенді сән көріп жүрген қаракөз қыздарымыз жетерлік. Ал біздің қазақ кіндікті өте қасиетті деп санаған. Бұрын ұл баланың жолдасын алты қырды асырып, ал кіндігін табалдырықтың астына көмген. Әжелеріміздің «табалдырықты баспа» дейтіндері сондықтан. Ұл – шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын ертеңгі азамат, болашақ жауынгер әрі түздің адамы.

Ал қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген. Олай болатыны, ол – қай жерге бармасын, қазан-ошаққа ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін болашақ ана. «Оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр. Жетпіс жыл бойы біздің кіндігімізді кім кеспеді, түскен кіндіктің қайда тасталғаны да бізге белгісіз. Күл-қоқысқа лақтырылып, ит пен мысық жегендіктен де, бірімізді біріміз тыңдамай, сөзімізді көтере алмай, итше ырылдасып жататынымыз осыдан болуы да мүмкін ғой… Кім біледі… Былай қарасаң, кіндік – соншама қадірлеп әрі дәстүрлеп көметіндей емес, тырнақтай тері. Бірақ ата-бабаларымыз кіндікке соншама мән беріп, қасиетін бағалағандықтан да жаужүрек ұлдары, үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы келіндері болды. Ата-бабамыздан бізге осыншама кең-байтақ жер қалуының бір сыры осында жатса керек. «Кіндік қаны тамған жер» деп те айтып жатамыз… Қалай десек те, бұл негізсіз емес. Бұл күндері, Құдайға тәубе, баланың кіндігі түспей жатып үйге шығарып жібереді. Белгілі себептермен перзентханада ұзағырақ жатып қалса, кіндікті сұрап алып, адам аяғы баспайтын ағаштың түбіне көміп тастайтын отбасылар қатары көбейіп келеді.Бір өкіндіретін жайт – дұрыстап түсіндірілмейтіндіктен, белін жалаңаштап, кіндікті көрсетіп жүретін қыздарымыздың қатары көбейгендігі. Бұл қыздарымыз өз денсаулықтарына үлкен зиян келтіріп жүргенін білмейді, жете түсінгісі де келмейді. Бұрындары жігіттерге қыздардың қолынан ұстау арман болса, бұл күнде керісінше, құпия қалмай бара жатыр. «Қытығы кетеді» деп ұяттың жоғалатынын ескеріп, қолын беріп амандаспаған қазақтың қылықты қызы бүгінде кіндік көрсетіп жүруге ұялмайтын болды. Бұған қазақ қызының ұяты деп қана емес, бүкіл бір ұлттың болашағы деп қарайтын кез келді. Ұлттық намысты, қазақ қызының санасын оятатын кез жетті…»,-деген екен.

Қазақ кіндік шешеге ерекше құрметпен қараған. Әдетте «кіндік шеше» деп нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен кейін кіндігін кесетін әйелді айтады. Бұл қызметті көбіне ауылдың тәжірибелі әйелдерінің бірі жасайды. Ол қазақ салты бойынша баланың екінші анасы есептеліп, құрметтеледі. Сәбидің ата-анасы кіндік шешеге көйлек-көншегін сыйлап, жолдық береді.

Кіндік шешенің атқаратын міндеті: 1. Жүкті болған әйелді күту

Кіндік кесуге байланысты салт – дәстүрлер: Екі жас үйленіп жатқан кезден кіндік шеше болуды қалап алатын әйелдер болады. Ол үшін алдымен екі жасты арнайы қонаққа шақырып, өз дастарханынан дәм тарттырады. Осыдан кейін екі үй арасында да қарым – қатынас жиілеп, жарастық орнайды. Жүкті әйелді күтімге алады.

Екінші: Босану кезінде басы- қасында болу

Толғақ мерзімі жақындағанда жеке үй дайындалады. От жағып, су жылытылады. Үйдің іші – сырты дүние мүлкі мұнтаздай тазаланады. Осы істердің, басы–қасында кіндік шеше ұйтқы болып жүреді. Жүкті әйелді толғақ үстінде кіндік шеше демеп тұрады және олай – бұлай жүруіне де рұқсат етіледі.

Үшінші: Кіндігін кесу

Кіндікті ақбалтамен кесіп, таза жіппен байлап, түбіне күл сепкен. Ақ балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қойған. Ер баланың кіндігін ырымдап «үй күшік болмасын» деп қырдан асырып лақтырған. Ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген оймен от басы, ошақ түбіне көмеді. Оқымысты болсын деп кітаптың, ат құлағында ойнасын деп аттың жалына байлайды.

Төртінші: Балаға қамқорлық жасау

Дүниеге келген сәбиді емізбестен бұрын таза суға малынған қасқырдың жүнімен ауыздандырған. Бала ер жетіп ел қатарына қосылғанша кіндік шеше өз назарынан тыс қалдырмай әрдайым қамқор болып жүрген.

Автор: Dastur