Қиқар шалдың батасы

Қиқар ақсақал қолына құманын ұстап әдеттегідей ерте тұрып ауласын бір айналып шықты. Ұсақ түйек мал,тауықтары тұратын қора жайын,әжетхана,жазғы душты үлкен ауладан бөліп тұратын тастан қаланған шарбақ ақталып, әлі кеуіп үлгермепті.
«Түнде, светтің жарығымен әктеген бе?» деген ой қылаң етті. Ауланы бөліп тұрған шарбақтан өтуі мұң екен ол жерде де тазалық жасалғаны көрініп тұр. «Еее, мыналарға ақыл қонған ба? Малға қарай бастапты ғой» деген оймен қора жайды түгел аралап шықты. Құлаққа ұрған тыныштық, сәуір айының күні ысып түні салқын болатын шақ. Аспанда ара кідік әр жерде шашырап қаз бауыр қатпар бұлттардың жайылған сиырдай бытырап тұрғаны болмаса күн ашық болғалы тұр.Қора шарбағынан шығып ауладағы жүзім, жеміс ағаштарын бір бір қарап шықты «Еее, аяқ астынан құмды дауыл болып кетпесе биыл ағаштар жақсы жеміс береді екен» деп топшылады. Бұның жақындап қалғанын көрген иті, еріксіз есіней керіліп орнынан тұрып кетегіне кіріп кетті. Ақсақалдың ойына өзі тұстас шал кемпірдің «Қиқа үйден шыға келгенде,ауласынан құс емес,шыбында ұшпай қалады,шақырғалы тұрған әтеш те дауысынан жаңылып жұмыртқа тастап жіберсе,көлеңкеде жатқан иті де көршінің итінін қасына барып дымдарын іштерінен алып отырады екен»деген қыжыртпа әзілі орала кетті. Қиақаң іштей» мырс»етті де «еее алжығандар ай, таппайтындарың жоқ» деп күліп жіберді. Қиқар ақсақалдың шын аты Қияқбай, бірақ бала кезінен бір беткей, ойындағысын бетке айтар болды, сонысына қарап мектепте мұғалімдер «қиқар бала» деген атты теліп жіберген.
Десе дегендей, Қиақаң ашуланса ойын тіке айтып салады.Ешкімнің көңіліне қарамай тарс еткізіп бір айтады,егер өзінікін дұрыс деп тапса сол айтқанынан қайтпай өлуге бар. Ауласынан қиқым таппайсың, екі үлкен ұлы бөлек, үш қызды үш жаққа «асырған». Қыздары бой жетіп мектеп бітіргеннен айтары біреу еді
» Қарақтарым, қыз мұраты кету деген. Күйеуге тиіп кетесіңдерме? Басқа облысқа кетіңдер. Ауылда жүрсеңдер төркінім тиіп тұр деп тайып кетулерің көбейіп кетеді. Жылына тіпті үш жылда бір көрініп тұрсаңдар сыйлы боласыңдар»деп
құлақтарына құйып қоятын. Сол ақылдың өткені ме әлде тағдырдың жазуы солай ма кім білсін? Үлкен қызы Алматыда, Ортаншысы Ақтөбеде, кішісі Ақтауда. Құдайдың берген үш ұл, үш қызын адам қылып солардан немересі жиені аралас жиырмашақты бүлдіршінге «ата» атанып жүр.
Жасы жетпістің сегізіне келседе әлі тың, денесін тік ұстап жүреді. Көзәйнексіз газет, кітап оқып, теледидар да көре береді. Өзінің айтуынша «ешқашан жеңіл өмір іздемеген, ішіне ашу, ыза, кек пен көреалмаушылық жинамағанның пайдасы».
Есік алдына шыққан келіні иліп сәлем етті де, шәйдің дайын екенін хабарлады.
Шәй ішіп отырып естіген хабары, бұлардың қораны ақтап, тазалық жұмыс жасап жүргенінің себебі бүгін бұл үйге аудан әкімі келіп көрісіп бата алып кетпекші екен.
—Әй, жазған ау естіп отырсың ба? Бір топ нөкерімен аудан әкімі келіп көріседі екен. Сырт көз сыншы деген, ел көрерліктей дұрыстау киініп отырсаңшы. Сосын шындық айтам деп өз абыройыңды түсірмеші құдай үшін.Қазір сенің шындығың кімге керек?» Сыйлағанның құлы бол» деген жылы сөйлеп білген ақылыңды айтып жібер. Өткенде Жалқыбай ақсақалға барып көріскенде, ол бейшара қалбалақтап бір тоқтысын да сойып тастапты. Тек, сол бұрынғы жыртықтығына салып» мен әкімге бата бердім»деп мақтанып ішіп қойып соңынан бәлністен бір ақ шыққан»—деп бұған көз қиығын салған.
Қиақаң, басын көтеріп
—Жалқыбайың кім? Әлгі шойнақ Жалқыбай ма?Жас кезінде Арақ ішіп Үкіметтің «газ-53ін» аударып, аяғын сындырып алғасын ауыл болып соттатпай алып қалған Жалқыбайма? Өмірі аузынан жөндем сөз шықпаған Жалқыбайда бата беріп өнеге айтатын болғаны ма? О, тобааа көресіңді көріп болмай өлмейсің деген осы екен ау.
Сосын, әкімІң нөкерлетіп қырық қыз ертіп жүретіндей Қыз жібек пе не?. Бұлар бәрі ел аралап тамақ асырап жүрсе үкіметтің жұмысын кім істейді?Ергіп ел кезген біреу келеді екен деп шала бүлінер жәйім жоқ, үстімдегі киім ұнамаса менде ұнауға тырыспаймын—деп бұрқ етті. Айтты, бітті. Енді шалын өзгерте алмасын білген кемпірі де үндемеді.Үлкен ұлдар отбасыларымен,келіндері, немерелері бәрі жиналды. Жанжақтан жапатармағай шуласып жамырасқан немерелерінің арасында отырып Қиақаң біреуінен
—Әй, пошымыңнан сенің айналдым, сабақ қайда? Сен түске дейін оқушы едің ғой—деп сұрап қалды. Немересі де жылдам екен
—Ата, сізге әкім келіп көріседі, сізді қарайған ұл қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған үлгілі ақсақал берекелі шаңырақтың иесі дейді, біз бәріміз жиналып отырғанда әкім сізбен көрісіп өнеге өсиеттеріңізді тыңдауға кіріп келеді.
Сіз ақыл кеңестеріңізді айтып алақан жайып бата бересіз, бәріміз әкіммен суретке түсеміз—демесі барма, міне осы жерде Қиақаң жарылды.
—Әй атаңа нәлеттер ай, істеп жүргендерін қара бұлардың. Жүрген жүрістерінің бәрі өтірік кино бұлардың. Енді қалғаны мені әртіс қылмақшы бұлар. Аайй, иттер ай. Оңбас бұлар оңбас деп күйіп пісті. Сол арада үш көлікпен әкімде келіп жетті.
Қиақаң үндеместен үйге кіріп кетті,мыналарды боқтап қырып салып «Ыңғайсыз» болып қалар деген үреймен үлкен ұл ізінен кіріп еді, жоқ Қиақаң қонақтарға деп жайылған дастарханның қақ төріне барып жайғасып отырып алған екен. «Уфф» деп сыртқа шыққан ұлы қонақтарды күтіп алып «Ақсақал іште, өте беріңіздер» деп ізет білдірді. Содан бұлар кезектесе ақсақалға көрісіп дастархан басына жайғасты. Келіндер зыр жүгіріп дайын шәйді әкелісті. Үлкен ұл қонақтармен дастарханға отырса ортаншы ұл қол қусырып босағада тұр.
Әуелі делегацияның үлкені, жасы алпысты алқымдап қалған «Жабысқақ» сөз бастады. Оның негізгі аты Жарылқап, бірақ үнемі әкім қарардың алдына түсіп
жалған сөйлеп жарамсақтанып жүретін болғасын, жұрт «Жабысқақ» деп айдар тағып қойған.
—Ақсақал, бүгін мына кісілер арнайылап сізге көрісейін деп, бір ауыз жылы лебізіңізді естіп, өсиет өнегеңізді естиін деп келіп отырған жәйі бар. Мына жігіт Мәлімбек Әлімбекович деген азамат. Аулымыздың сыйлы ағасы марқұм Әлімбекті танисыз соның баласы аудан әкімі Мәлімбек деген абзал азамат осы. Мені танисыз сірә, мына үш жігіт аудандық маслихат депутаттары, ана отырған екі жігіт аудандық Аманат партиясының мүшесі мен төрағасы, мына жігіт аудандық ішкі саясаттан.Мына бала білім бөлімінің жауапты қызметкері және мына жігіт аудандық мәдениет бөлімінен. Сол бүгін қасиетті жұма күні өзіңіздей үлкен ақсақалға көрісіп өсиет өнегеңізді тыңдағалы келдік»—деп бір дем басты.
Үнсіздік… Шыныменде шыбын да ұшпай қалды..
Аңтарылып отырған жұртқа қарап жөткірініп тамағын бір қырнаған Қиақаң сөз бастады,
—Сені танимын, сенен бастайын. Осы сенің акимат жағалап жүргеніңе он бес жиырма жыл болды ау осы я? Қашан көрсең, отардың ешкісі сияқты осылардың алдында сақалың желп желп етіп сен жүресің. Ұялмайсың ба? Алға түсіп шаба беруге, өтірікшінің куәсі қасында дегендей сен не ылғи куәлікте жүресіңбе? Басыңдағы шашың былай тұрсын, құйрығыңның жүні ағарды ғой, қашанғы ел жұртқа жиіркенішті көріне бересің. Ертең сен шал болып ақсақал боласың, сен қандай өсиет айтасың ұрпағыңа? Не істедім? Не бітірдім дейсің? Жақсы мына бала әкім болдым дер, ана бала депутат болдым дер, сен не дейсің а? Ойланбайсың ба?
Енді, тыңда. Мен мына баланың әкесін жақсы таныдым. Екеуміз де бір кездері «СМУ-5» жұмыстас болғанбыз. Егер ол әкім болып осылай менің үйіме келер болғанда мен қой емес тай сойып қонақ қылар едім. Ал мына балаңды мен танымаймын, ел жұртқа несімен танымал? Не іс тындырған адам? Әке даңқымен ұл өседі десекте бір биеден ала да туады, құла да туады болып кеткен заман ғой. Мен, Кемел Тоқаев деген кісінің кітаптарын көп оқыдым, ия біздің кезімізде кітап оқу дегенде «кесел» бар еді.
Оның үстіне заң қызметкері, парасатты, ақылды кісі болған деседі. Қасымжомарт президент болғанда қуанып едім, әкесі «заңгер, жазушы» болса,баласының да көрген білгені мен оқыған тоқығаны көп шығар деп. Жоқ. Өкінішке орай олай болмай шықты. Кешегі бүкіл әлем назар аударып отырған, ұлттық кеңесте естіп отырсың ба ұлттық кеңесте насыбайды әңгіме қылғаны өте ұят болды. Басқа шаруаның бәрі қалып Ұлттық кеңесте насыбай айту қалыппа еді? Келесі ұлттық кеңесте әйелдердің іш киімін талқылаймыз ба? Тіптен масқара болдық қой.
Міне, сол айтқандай тірі адам еті тірлігін өзі көрсетеді. Сосын «азамат» деп отырсың, ол атты оған кім жалғады? Әдетте «азамат» деген атақты халық бермеуші ме еді? Тағы айтарым «азамат» деген атау ерге де әйелге де бірдей айтылады емес пе? Мысалға: Пәленшенің ауылында түгеншенің ат құлағында ойнайтын қызы бар, ибалы, өнегелі жұмыс десе жанып түсер нағыз азамат»деп жатады. Сондықтан Жабысқақ әр нәрсені өз орнымен жабыстыр—деп, аздап үзіліс жасады.
Әдетте, сөйлегенде жан жағының мысын басып айналасын өзіне қаратып алатын адамдар болады, міне Қиақаң, қанша қиқар десе де сондай ақсақалдардың бірі. Дастархан басындағылардың бірінде үн жоқ.
Бүйірі енді қызған жүйрік жылқыдай көсіліп тастап тағы сөйлеп кетті.
—Сен, әкім інім маған ренжіме. Әкеңді көрдім деп отырмын ғой, содан өзімсініп айтып отырмын. Сен әуелі өзіңді іспен көрсет, құр сөзбен арзан дақпыртпен сыйлы бола алмайсың. Қасыңдағы мынандай «жабысқақтар» абырой әпермейді, бұлар суға салса батпайды, отқа салса жанбайды, уақыты келгенде келесі әкімге жалбақтайды солай өмірлері өтеді. Есіңде болсын арзаннан жинаған абырой орға жығады. Сен жақсы әкенің баласы екеніңді іспен көрсет сонда халық саған «азамат» деген атақ жалғайды. Жұма күні нөкерлетіп өсиет өнеге жинайтын болсаңдар үкіметтің жұмысын кім істейді?
Әлде, бізде содан басқа мәселе жоқ па? Мен сияқты танымал шалдарды аралама, әлсіз, мүжәлсіз үйлерді арала. Сонда сен халықты танисың, сені халық таниды.
Мен өткенде жамағайынның жаназасына бардым, міне сол жаназа болған үйдің көршісі кемпір мен шал екен, солардың балдары жұмыс таппай қалаға кеткен талап іздеп. Кемпір шалды көшіріп алуға өздері квартира жалдап тұрып жатыр. Кемпір шалдың жағдайы өте аянышты екен, үйінің кіреберіс бөлмесіндегі терезелеріне салапан қағып қойған.Үйлері салқын. Міне сондай деңгейдегі адамдарды арала. Ауылда жұмыс жоқ, жұрт үдере қалаға көшіп жатыр міне сонымен күрес, жұмыс тап халыққа.
Ауылдың жастары жан жаққа тентіреп жұмыс іздеп кетпесін десең ауданға зауыт,өндіріс салуға мұрындық бол. Қажет болса президентке шық, бәрі еститіндей жан айқаймен шық, дабыл соқ. Талап ет.
Нәтижеге қол жеткіз, міне сол кезде сен нөкеріңмен бата сұрап жүрмейсің, жұрт саған бата беруге жиналып тұратын болады. Ал, енді мен болдым. Бұйырған астан ауыз тиіңдер. Қатты айтсам өкпелемеңдер, бірақ елдің жағдайын көріп отырып ешкімнің көтіне көпшік қойып жақсы атты бола алмаймын. Соттап жіберсеңдер де осы болмысым—деп сөзін аяқтады. Шыттай болып киініп алғандардың қысылғаннан терлері моншақтады.
—Ағасы, айтқаныңыздың бәрі орынды. Ұрысты деп емес, айтқан ақылы, көрсеткен жөні деп қабылдаймыз—деді де—ал рұқсат болса біз тұрайық, әлі алда талай жұмыс бар—деп әкім өзі бастап асқа бата сұрап алақан жайды.
Қиақаң да қысқа қайырып бетін сыйпай салды.
Еңселері түскен бір топ делегация үнсіз ауладан шыға берді, тек көлікке мінерде Жабысқақ «Қыртыған шал, Қиқар қиқар дегенге өзінше ғой. Көңіліңізге алмаңыз Мәлімбек Әлімбекович» деп жатыр еді, Мәлімбегі «Ұят болды» деді де көлікке отырып алды. Кімге, кімнен ұят болғанын айтпады.
Ертесіне әлеуметтік желіде»Баталы құл арымас» деген Қазақтың сөзіне орай, кеше аудан әкімі ауыл ақсақалдарына сәлемдесіп кіріп, ауыл ағаларының тілектерін тыңдап,батасын алды.» Әкім бол, халқыңа жақын бол»деген ұстанымын ұстанған аудан әкімі тағыда қарапайымдылығымен көзге түсті»деген текстпен қырғын фото отчет жарияланды, ішінде төрде отырған Қиқар шалдың ас қайтару кезіндегі фотосы да бар…..
Ия. Біздің елдің өмірі осындай.
(әңгімедегі адам аттары өзгертілген, сәйкес кеп жатса кездейсоқтық деп есептелсін)
М. Кенжебаев. Бейнеу.