Кездесу сағатын ұйымдастырды

Бүгінде жеткіншектер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударылуда. Оралда кітапханашылардың бастамасымен өткізілген онлайн шара – соның дәлелі.

Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, қалалық кітапхананың №5 филиалы ұжымы Шаған полиция бөлімшесі жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімінің инспекторымен онлайн режимінде сұрақ-жауап сағатын ұйымдастырды. «Адам және Заң» айдарымен «Полицияға не үшін есепке алынады?» деген тақырыппен өткен онлайн-кездесу барысында облыс орталығындағы №20 жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушылары полиция капитаны Эльмира Құлтаеваға өз сауалдарын жолдады.

Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмысқа тосқауыл қою, түрлі құқық бұзушылықтарды болдырмау, жеткіншектердің құқықтық сауаттылығын арттыру. Оқушылар да шараға белсене қатысты. Кітапхана ұжымы мен Шаған полиция бөлімшесі арасындағы байланыс одан әрі нығайып, алдағы уақытта сан алуан тақырыпта іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. «Алдағы желтоқсан айында жас оқырмандармен жемқорлықпен күрес тақырыбында акция ұйымдастыру жоспарлануда. Осындай шаралар арқылы балалар еліміздің заңдарын құрметтеуге, өз істеріне жауапкершілікпен қарауға дағдыланады» дейді кітапханашылар.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы