«КЕСПЕ ҚАРА ЖОҚ» СОҒЫМ ЕТІ…

Қазақ баласының бойынан жоғалып бара жатқан жақсы дүниенің бірі — қазақы қалжың ғой, шіркін! Оны қазір біреу түсінеді, енді біреу көзін алартып ісінеді. Тағы біреулер тіксінеді.
Менің түсінігімде, қазақы бояуы солғын тартып, ұлттық құндылықтар бойынан жоғалған адам, сүлдері қазақ болғанымен, болмысы мазаққа айналған міскін! Бірақ олар өздерін азат, қарадүрсін сөздерін ғажап көреді… Ондайлар бізде өте көп қой.
Қазекем, «Аузында әзілі жоқтың, қолында шоқпары жүрер » деп қалай дөп басып айтты екен.
Сондықтан қазақ болып қалу үшін (дін мен руханятта да) салт-дәстүр мен әдет — ғұрыпты берік ұстану — заман талабы! Әйтпесе, қазақы қалжыңның да қадірі мен қасиетін жоғалтып аламыз ба деп қорқамын кейде.
Мен бір жазбамда әжем Балзияның Жыланшық өзені бойын жайлаған Мұстафа қажының қызы екенін жазғанмын. Ол кісінің харам мен халалдың аражігін аша алатыны түсінікті. Көзінің тірісінде үйге колбасаны жолатқан емес. Консервідегі ет пен фарштың өзіне күмәнмен қарайды. Дүкеннің нанын жегізбейді. Ұнды өзі ашытып пісіреді. Ішер асқа өте сақ еді. «Мүмкіндік болса, адал ас ішуге тырысу керек мұсылман адам. Дұға-тілектің қабыл болуы соған байланысты» деп отыратын үнемі. Сөйте тұра аңғал — тын. Марқұм өте қазақы еді…
Ауылда Задыгерей деген ағаммен көрші тұрдық. Ол кісі әзілқой, қылжақпас, көңілді жүретін жан — тын. Әжемді ( Менің шешемнің анасы ғой. Әкемнің туыстары құдағи дейді) сол ағам нағашы апам дейді. Шешесі жағынан қуғаны. Әйтпесе құдағилығы басым. Әзілдері жарасып тұрады. Сөз қадірін білетін адамдар ғой.
Менің әкемнің екі ағасы шопан. Есімдері Сабыр, Жауғашты. Жазда жайлауда жүреді, қыста қыстақты мекендейді.
Бірде қызық оқиға болыпты. Задыкерей ағам айтады: Қыстың қысқа күні. Дала ақ қар, көк мұз. Қытымыр аяз қарып түседі.
Астымда ЗИЛ машинасы. Механикпін.
Құйғытып отырып Сабыр ағам тұратын Күндебай қыстауына бір шаруалармен барғаным есімде.
Ағаммен жүздесіп, мал-жанның амандығын сұрасып отырып қалдым. Сөйткенше шай да дайын болды. Ауылдағы ағайынның хал-ахуалын баяндап, жаңалықтарды жеткізіп бірер кесе шай ішіп далаға шықсам, ағамның көршісі Эрих деген неміс шопан мені есігінің алдында тосып тұр екен. Бөшкедей әйелі қарсы сарайдың есігін ашып қалғанда, ар жақтан талпақ танаулардың шыңғырған дауыстары естіледі. Қолында дәу сөмке ет.
Әлгі неміс Эрих маған қиылып тұрып, «бір сөмке етті» ауылдағы Фрицке жеткізіп беруімді сұрады.
Көп жалындырмай «Жарайды, прицепке лақтыр » дедім де, ағаммен қоштасып, бұрқап тұрған қарға қарамай, қара жолды тілгілеп отырып ауылға жеттім. Қас қарайып қалған шақ. Машинаны сөндіріп, Эрихтің сөмкесін жерге түсіріп, енді үйге беттей бергенімде Балзия құдағи алдымнан шыға келсін. » Әй, жиенім, амансың ба? Сенің машинаңның дауысын естіп бері бұрылдым. Барған жағың тыныш па? Құдам Сабыр қалай екен? Мал- жандары аман ба?» екен деп сұрап жатыр.
«Иә, құдағи аман-есен. Бәрі жақсы. Сізге де құдаңыз дұғай сәлем айтты» деп жатырмын баяғы. «Ә, рахмет, аман болса болды » деп құдағи кері бұрыла бергенде: «Айтпақшы құдағи, ұмытып барады екенмін ғой, Сәкең соғым сойып жатыр екен. Сізге деп сыбаға беріп жіберіп еді» деп сөмкені нұсқадым. Содан өзім қораға беттеп, кәкүр-шүкір жұмыстармен айналшықтап жүріп қалыппын. Бір кезде есіме сөмке түсіп далаға атып шықсам сөмке жоқ. Менің қылжағымды құдағи шын деп ойлап, сөмкені алып үйіне кіріп кетіпті.
«Ойбай, ұят болды-ау » деп соңынан тұра жүгерейін.
Барсам, Балзия құдағи, бір сөмке «кеспе қара жоқ майлы етті» жіліктеп, араларын осып — осып жіберіп, тұз сеуіп риза кейіпте шалқып отыр. «Білмеген у ішеді» деген осы емес пе?!
Алқын- жұлқын кіріп келген менің түріме назар аудармастан: — Менің Сабыр құдам, сойғасын семізін сояды ғой, шіркін! Алла разы болсын, оған! Кесіп алар қара кесек ет жоқ. Неткен семіз соғым. Өмірімде мұндайды көрмеппін. Пах-пах-пах! Мынаны жеуге де жүрек керек» деп қояды
Шыдай алмай жан дауысым шықты: — Ойбай, нағашы апа, Сізге әзілдеп едім. Кешіріңіз мені? Бұл ет шошқаның еті. Қыстақтағы шошқасы бар Эрихтің Фрицке беріп жіберген сәлемдемесі. Жәй қылжақтап едім, бұлай боларын қайдан білейін» деп ақталып жатырмын.
«Әстәхфирулләһ» деп құдайғи орнынан шоршып түсті. Түріне қарасам, өң мен түстегі хал. Екі қолы ербеңдеп жатыр. «Әкет» дегені.
Жалма-жан тұздалған шошқаның етін сөмкеге алып ұрып, сыртқа атып шықтым» дейді ағам.
«Кейін ашулана ма, ұрса ма деп ұялып жүр едім, ондай ештеңе де болған жоқ. Қайта ауылдағы ағайынға: — Анау ұл мені қатырды. Екі кештің арасында желкілдеп жетіп барған өзіме де сол керек» депті. Шіркін- ай, кең пейіл, жомарт көңіл бұрынғының адамдары- ай…