Кешігіп келген көктем елорданы қамшылады

Астанаға сырттан келетін қонақтардың есінде ең алдымен мұнаралы крандардан бөлек, салынып жатқан жолдар да қалуы мүмкін. Себебі жаздың жылт еткен жайдары күнінде ең әуелі қаланың көшелерін де ретке келтіріп алу астаналықтар үшін кезек күттірмейтін шаруа. Оның үстіне жас қаланың 20 жылдық мерейтойы. Биылғы Арқа жеріне кешігіп келген көктем, сондай қауырт тірліктерді онан ары асықтыра түскен жайы бар. Қазірдің өзінде қаланың әрбір ауданындағы күре жолдар үсті қызу тірлікпен қайта қауышып жатыр.

Астана қалалық әкімдігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда 2018 жылдың соңына дейін елорданың 65 көшесіндегі жолдар орташа жөндеуден өтпек. Көшелердің 15-і қаланың орталығында, 50-і қала шетіндегі тұрғын үй алаптарында орналасқан. Жөнделетін жолдардың ұзындығы 49,9 шақырымды құрайды. Осында ерекше бір айта кетерлігі қаланың шеткі аудандары мен жер үйлері көп орналасқан бөліктеріндегі жолдарға баса назар аударылып жатыр. Талайдан бері жөнделмеген немесе жүргіншілерді шаршататын бүлінген жолдар осылайша ретке келтірілейін деп жатыр.
Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Асқар Исақовтың берген мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда елорданың шетінде жатқан 5 көшеде жолдарды жөндеу жұмыстары толық аяқталған. «Бүгінгі таңда Өндіріс, Көктал, Агроқалашық тұрғын үй алаптары мен Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы 23 көшеде ұзындығы 10,5 шақырымды құрайтын жолдар салынып жатыр. 5 көшеде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. 1 шілдеге дейін қалған көшелерді пайдалануға беру жоспарлануда. Жолдар кезең-кезеңімен жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», — деп мәлімдеді Асқар Исақов. Қаланың шет аумақтарын дамыту шеңберінде осы жылы, ол Көктал-2 тұрғын үй алабында 8 көшедегі жолдар төселіп, қайта жаңартылып, жарықтандырылатын болады. 8 көшедегі жолдардың жалпы ұзындығы 3,2 шақырым. Бұл көшелердегі үйлерге инженерлік желілер де тартылады деп күтілуде. Осымен қатар қарбалас тірліктің тағы бір бөлігі көше бойларынан веложолдардың жасалып жатқандығы деуге болады. Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай қалада веложолдардың ашылуы жоспарланғаны туралы хабарлаған болатын. Жолдың жалпы ұзындығы 56 шақырым, ол Есіл ауданындағы Орталық саябақ аумағы, Мәңгілік ел, Қонаев, Достық, Қабанбай батыр, Рысқұлов, Астана-Қарқаралы тас жолында және Талдыкөл көлінен оңтүстік-батысқа қарай Қорғалжын тас жолына дейін салынатын болады. Жақында ғана Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қаладағы кейбір жолдарды аралап көргеннен кейін қарқыны баяулаған нысандар мен жұмысы мүлде тоқтап қалған көшелер туралы бірқатар тапсырмалар берген болатын.

Ерқазы Сейтқали