Кешенді оқу жаттығу жұмыстары өткізілді

Апат айтып келмейді. Төтенше жағдайға әркез дайын болу керекпіз. Үстіміздегі жылы Оңтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдайға дайындық іс-шаралары ерекше өтуде. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын оқу-жаттығу жұмыстары облыс әкімшілігінде өткен болатын. Бұрын облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мұндай жаттығуларды ықпалды басқармалар мен департаменттерде өткізбейтін.  Демек, өзгеріс бар. Жуырда облыстағы азаматтық қорғаныс саласында басшы құрамды дайындау жоспары басталды. Соған сәйкес кешенді оқу-жаттығу жұмыстары жүруде. Жоспар бойынша Шымкент қаласында практикалық түрде шатырлы қалашықты жаю іс-шарасы өткізілді. Шатырлы қалашық төтенше жағдай орын алғанда халықты қабылдайтын орын.

Шатырлы қалашықтың құрылымына қала әкімшілігі, қабылдау пункті, тіркеу орны, ақпарат пен байланыс пункті және пошта-телеграф кіреді. Бұл қалашықтың әкімдігі жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларынан құралатын болады. Шатырлы қалашықта тұрғындар суық мезгілде тұрғын орынмен, тағаммен, сумен, жылы киіммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қоса, медициналық, қоғамдық тәртіпті қорғау, өртке қарсы көлік құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Айта кету керек, бұл оқу-жаттығу жұмыстары өңір басшысының қабылдаған іс-шарасы. Дайындық жұмыстарына өзі төрағалық еткен.

С. САЙЛАУҰЛЫ, Оңтүстік Қазақстан облысы.