Кенен Әзірбевтың жерленген жері мен музейі

Қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаев (1884-1976) — Қордай ауданы Мәтібұлақ өңірінде дүниеге келген. Кенен Әзірбаевтың жерленген жері мен музейі Қордай ауданы, Кенен ауылының шығыс шетіндегі саябақтың ішінде орналасқан. Аллеялы саябақ, мұражай ғимараты, ақынның ескерткіш мүсіні мен бейітінің басына қойылған құлыптас біртұтас сәулеттік кешенді құрайды.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен 1916 ж. ұлт – азаттық қозғалыс, ақапан, қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, ашаршылық, жаппай қуғын – сүргін, ұлы Отан соғысы мен тың игеру сияқты халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болған.
Сондықтан Кененнің әншілік, ақындық, жыраулық, күйшілік шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, асқан шеберлікпен орындай білген біртуар дарын иесі. Кенен Әзірбаев екі жүздей лирикалық, тақырыптық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында оңдаған эпикалық жыр-дастандар болған. Ол ән мен жырдың кеніші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер иесі.
Оның «Бозторғай», «Көкшолақ», «Ой, бұлбұл», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік ерекшелігімен бірге, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік сипатымен дараланады.
Ақынның еңбегін ескеріп, есімін ұлықтау мақсатында 1981 ж. музей кешені ашылған. Онда К.Әзірбаевтің шығармашылық және қоғамдық қайраткерлігі туралы мағлұмат беретін 900-ден астам экспонаттар жинақталған. Олардың ішінде жеті жасар Кененге әкесінің сыйлаған кішкене домбырасы мен Жамбыл Жабаев сыйлаған күміс жалатылған белдігі да бар.