КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК ҮШІН ЕҢБЕК ЕТКЕН КЕМЕЛБЕК АҒА

Мен ес білген 1970 жылдардың басынан Кемелбек аға ат үстінде болды. Бас-аяғы жүз түтіннен тұратын Амангелді атындағы кеңшардың №2 бөлімшесінде (қазіргі Күшаман ауылы) ол кезде управляющийден (бөлімше меңгерушісі) үлкен бастық жоқ еді. Арасында Бақтыбай, Хамит, Сарыжігіт, Әліхан ағаларымызбен алмаса отырып, Кемелбек аға 1980 жылдардың басына дейін ауылда бөлімше меңгерушісі болды. Жалпы, еңбек жолын сонау 40-жылдардың басында сот орындаушысы болып бастаған Кемелбек аға 1950 жылдардың ортасында-ақ бөлімше меңгерушісі болып қызмет істеген екен. Бірақ, біз ол кезді көрген жоқпыз.
Табиғатынан шалт мінезді, қызба кісі қашан көрсең қарамағындағылардан жұмыс нәтижесін талап етіп жататын. Әрине, өзі үшін емес, ортақ іс үшін. Сол кездерде ол кісіге қарсы келіп жатқан адамды да көрмейтінбіз. Бұл, бір жағынан, Кемелбек ағаның қойған талабының орындылығын көрсетсе, екінші жағынан өзінен үлкенге сөз қайтармайтын қазақы болмысымыздың бір көрінісі еді.
1 мамыр, 7 қараша секілді сол кезде жалпыхалықтық деңгейде аталып өтетін мерекелер кезінде Кемелбек аға клубтың алдында үстіне қызыл мата жабылған үстелдің төріне отырып, елді мерекемен құттықтайтын. Мектептің төменгі сыныбында оқитын бізге Кемелбек аға тек салтанаттың төрінде отырып, қарамағындағыларға талап қойып қана жүруі керек сияқты болып көрінетін. Сондықтан болар, 1980 жылдардың ортасына қарай зейнет демалысына шыққан Кемелбек ағаның кәдімгі ауыл адамдары сияқты ертемен малын шығарып, кешке күтіп алып, күнделікті шаруамен айналысуы бізге біртүрлілеу көрінетін.
Жоғарыда айтқанымдай, бөлімше меңгерушісі болмаған арасындағы үзілістерде Кемелбек аға бөлімше есепшісі, зоотехнигі болып еңбек етті. Қандай қызметте жүрсе де ол кісі үнемі жұмыстың сапасын, таза атқарылуын талап ететін. Жұмысына немқұрайлы қараған емес. Қазір ойлап қарасам, әкесі Шынжарбек Өскенбайұлы Социалистік Еңбек Ері болғандықтан өзгелерге қарағанда ол кісіге артылар жүк екі есе екен ғой. Бұл, жалпы барлық атақты адамдардың ұрпақтарына ортақ құбылыс. Олар тек өзі ғана емес, әкесінің атына кір келтірмеу үшін де барын салады.
Кемелбек ағаның балалық, жастық шағы халқымыздың басына түскен нәубет — Ашаршылық, 1937-38 жылдардағы репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс, соғыстан кейінгі ауыр жылдарға дөп келген екен. Соның барлығын Кемелбек аға өзгелермен қатар өз басынан өткерді. Жиырмаға жетер-жетпес шағында қан майданға алынып, әскерден тек 1947 жылы ғана босады.
Кемелбек ағаның ұлы Шаяхмет құрдасым, досым болғандықтан кішкентайымнан бұл шаңыраққа жақын болдым. Шаяхмет екеуміз бір күні біздің үйде, бір күні осы үйде ойнайтынбыз. Қазіргі күн биігінен қарасам, бұл бір береке қонған шаңырақ болыпты. Шаңырақтың отанасы — алтын жұлдызы кеудесінде жарқыраған «Батыр ана» Дәнегүл Сәденқызы апамыз өте бір қолы ашық, пейілі кең, көпшіл кісі еді. Үйдегі он баланы айтпағанда, Дәнегүл апамыз бір шаңырақтың астында үш бірдей енесімен тұрды. Бұлар — Бәтима, Төкеш, Мырзабала әжелеріміз. Өздері «қамба» атап кеткен есіктің алдындағы шай ішетін үйдегі дастархан ешқашан жиылмайтын. Самаурын үнемі қайнап тұратын. Ауыл басшысы болған соң келімді-кетімді кісілер бар, тіпті ауылдың шет жағынан үйдің жанындағы дүкенге келгендер нанның машинасы келмесе, осы үйге кіріп шай іше салатын. Бұл сол кездегі Күшаман ауылына тән ортақ көрініс еді.
Осыншама қым-қуат шаруаның ортасында жүрсе де Кемелбек аға балаларының тәрбиесінен шет қалған емес. Балалары да әкесінің атына кір келтіріп алмауды ойлайтын. Кемелбек аға балаларының таңдау еркін өздеріне берді. Оқығысы келгендері оқыды. Еңбек еткісі келгендері еңбек етті. Ол кісі оқимын деген балаларына жағдайын жасады. Мырзагүл әпкеміз Қазақ Ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін бітірген соң Оңтүстік өңірге тұрмысқа шығып, ұзақ жылдар бойы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінде бас бухгалтер болып еңбек етті. Жездеміз Асан энергетика саласының маманы.
Ұлы Мырзахмет Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының география факультетін бітірген соң жұбайы Нағимамен бірге Мойынқұм ауданының түрлі мектептерінде еңбек етті. Мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болды.
Ұлы Баяхмет Қазақ Ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін бітірген соң өмір бойы Мойынқұм ауданының шаруашылықтарында бухгалтер, бас бухгалтер, аудан әкімдігі аппаратының бас бухгалтері, аудандық қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдерінің басшысы және тағы басқа қызметтер атқарды. Ұлы Марат Күшаман ауылдық мектебінде мұғалім. Ағаның өзге балалары да отбасын құрып, өмірден өз орындарын тауып, шаруашылықтың түрлі салаларында еңбек етуде.
Күшаман ауылының тұрғындары Өскенбаевтар, Шынжарбековтер әулетінің ауызбіршілігі, ынтымағы туралы ерекше бөліп айтады. Біздің бала күнімізде әлдебір мереке кезінде Кемелбек ағаның қарындастары Анаркүл, Ырзакүл, Разкүл, Алмакүл әпкелеріміз бала-шағаларымен келіп, Кемелбек ағаның шаңырағы мәре-сәре, той-думан болып жататын.
Жоғарыда ауылда ешкімнің Кемелбек ағаның бетіне келмейтінін айттым ғой. Ал енді Кемелбек ағаның әкесінің ортаншы інісі Қабылбек ата қарапайым ғана шаруа баққан кісі болатын. Көп сөйлемейтін. Кемелбек ағаның әлдебір ісі, әрекеті көңіліне жақпай қалса, бір күңк етіп, жақтырмай теріс бұрылып кетеді екен. Сондайда Кемелбек аға лезде райынан қайтып, ағасының айтқанымен жүретін көрінеді. Бұл әңгімені сол кездегі ауылдың үлкендері айтып отыратын. Естуімше, әулеттегі осы бір жақсы үрдіс осы күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан көрінеді. Әлдебір түйінді, ортақ мәселеге келгенде бәрі де әулеттің үлкені Мырзақұл ағаның сөзіне тоқтайды екен. Бұл өзгелерге сабақ болатын өте бір игі көрініс.
Кемелбек ағаның немересі Жеңісбек ауылдағы шаруашылығын дөңгелете жүргізіп отырған фермерлердің бірі. Мысалы, көктемгі төл алу науқаны кезінде Шынжарбековтер әулетінің ері-әйелі, жасы-кәрісі демей, бәрі бірдей мал төлдетуге барады екен. Қазақта ӘЫрыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» деген қанатты сөз бар. Мақаламызды «Кемелбек ағадан тараған ұрпақтың ынтымағы жарасып, ырысы арта берсін!» деген тілекпен аяқтағымыз келіп отыр.
Рысбек ҮРКІМБАЙ,
журналист.
Алматы қаласы.