КЕЛЕШЕК ҰРПАҚ ҮШIН БАРЛЫҒЫМЫЗ ЖАУАПТЫМЫЗ

Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның алмасуымен қатар, ақпарат ағынының тасқындаған ғасырында ұлтты және ұлттық құндылықтарды, ең бастысы, жас ұрпақты тәрбиелі де саналы азамат ретінде сақтап қалу өте күрделі мәселе болып отырғаны белгілі. Қазіргі таңда шын мәнінде қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға, орын алып жатқан орны толмас қайғы-қасіреттерге қарап еріксіз осылай демеске амалымыз жоқ.

Адам – ұрпағымен, ағаш – тамырымен мықты, адам ұрпағымен мың жасайды дейтін болсақ, ертең елдің тұтқасын ұстауға тиісті өз кіндігімізден тараған ұрпаққа дұрыс бағытта тәрбие беру ол ең алдымен өзімізге байланысты дүние. Сондықтан бұл мәселеде сол ұрпақты тәрбиелеуші ата-ананың ұстанымы мен жауапкершілігін бірінші орынға қою қажет сияқты. Қазіргі таңда қоғамда жасөспірімдерге қатысты орын алып жатқан кейбір келеңсіз жайттарға ең біріншіден ата-аналар қауымы жауапты.
Бұл ретте ата-ана мен мектептің, қала берді қоғамның бірлескен әрекетін үйлестіру маңызды болып отыр.


Ауданымызда ұрпақ тәрбиесіне, оның ішінде, мектеп оқушыларының тәрбиесі, оларды Отаншыл етіп өсіру турасында биыл көптеген іс-шаралар өткізілді. Мұның маңызы ерекше. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты осындай маңызды жиын бүгін аудандық «Достық» мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
Ата-аналар арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыру және өз міндеттерін түсіндіруге арналған «Бала. Бақыт. Байлық» деп аталған жиынға ата-аналар шақырылды. Кездесу аудандық құзырлы органдар арасында бекітілген «Жасөспірімдер және кәмелетке толмағандар арасында Отансүйгіштік рухын тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетін көтеруге, құқық бұзушылықтың және суицидтің алдын алу» мақсатындағы іс-шаралар жоспарының аясында ұйымдыстырылды.

Айта кету керек, кездесуге ата-аналармен бірге, аудандық білім бөліміне қарасты мектеп директорларымен қатар, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, сонымен қатар, аудандық ардагерлер, қоғамдық, билер, әкелер кеңесінің басшылары және мүшелері жиынның ортасынан табыла білді.
Жиын жұмысына аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстан дәуірі» газетінің басшысы Сәуле Мешітбаева қатысты. Кездесуді аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп ашты.
Аудан әкімі аудандық білім бөліміне осындай маңызды кездесулерді ауданның барлық мектебінде өткізу туралы тапсырма жүктеді. Ең бастысы, ұрпақ тәрбиесінің маңызды мәселе екенін айтып, бұл ретте ата-аналар қауымы мен мектеп бір-бірінің кемшін тұстарын толықтырып отырудың жаңа заман талабынан туындап отырған міндет екенін баса айтты.
Дәл қазір қоғамның алдында тұрған маңызды мәселенің бірі осы. Бұл ретте азаматтық жауапкершіліктен қашпай, ортақ істе ақыл-кеңес пен өмірлік бай тәжірибелерді ортаға салу қажет!

Жуалы ауданы әкімдігі