Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл

Талайдың тағдырын тәлкекке салған соғыс он жылға созылды. Биыл ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толып отыр.
Осынау қатерлі сәтте әскери борышын ауған жерінде өтеп, соғысқа қатысып қайтқан қазақ жігіттері көп болды.
Солардың бірі өз қатарластарымен әскер қатарына алынып, одан әрі ауған соғысына қатысқан Шүкеев Боранқұл Айтбекұлы.
Боранқұл Шүкеев 1963 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы Жайлаукөл ауылында дүниеге келді. 1978 жылы Ақтоғай ауылындағы «Серго» атындағы сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін, СПТУ-19 кәсіптік училишесінде оқып, «жүргізуші» мамандығын алып шығады. 1981 жылы әскер қатарына алынып, әскери борышын ауған жерінде өтеді.
Балаң жігіт шағында әскери міндетін жат жердегі соғыста өткерген, әскерден кейін де соғыс салған зардаптардың оңай болмайтынын білетін ардагер аға олар туралы еске алғанды ұната бермейді. Тек ауған жерінде, жергілікті ауған жұртшылығына қолдан келгенше көмек қолын созған сәулелі күндерді айтқанды жақсы көреді.
Дегенмен, ардагер аға жат жердегі соғыс жайлы біршама айтты.
«Ауған жерінде көптеген соғыс операцияларына қатысып, күн сайын өліммен бетпе-бет келіп жүрдік. Дұшмандар аяқ астынан тап бола кетеді. Әскери борышымды өтеген жылдары біздің әскери бөлімше Ауғанстанның Құндыз, Гардез қалаларының маңында, Баракий елді мекенінде болды. 1982 жылы 40-шы армияның құрамында үлкен операцияларға шығып, Кабул, Файзабад қалаларын, одан әрі Пәкістан шекарасына дейін дұшмандардан тазалау операцияларына қатыстым. Әскерде механик-водитель болдым. Бізге қойылатын талап, коллонаны діттеген жеріне жеткізу. Ауған тауының жылан ізіндей иір жолымен сансыз миналар мен жол тосқан жаудың қай тұстан кездесе кететініне сезікті көңілмен қарап, өлім мен өмірдің ортасында қауіп-қатерді бастан өткердік. Осындайда бір сапардың өзінде қаншама күш-қайрат жұмсалып, жүйкеге түсер салмақ қаншама! Әр күн, әр сағат қауіпті. Ауған жолдарында өз көліктермен бірге жалынға айналып, қаза тапқандарды еске алудың өзі қиын. Бейбіт заманда қаншама ата-ана баласының қазасы жайлы қаралы хабар алды. Ондай қырғынды сендер көрмеңдер», -деді ауған соғысының сарбазы бастан кешкендерін есіне алып.
1983 жылы әскерден аман-есен келген соң өрт сөндіру мекемесінде қызмет атқарды. Одан кейін Жаңатас қаласындағы жолаушыларды автобуспен тасымалдау мекемесінде (ПАТП) автобус жүргізушісі болып еңбек етті. Қазіргі таңда, ардагер аға Ақтоғай ауылында тұрып жатыр. Жұбайы Жаңабаева Гүлмира Әбілдақызымен бірге 3 ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. 8 немеренің сүйікті атасы мен апасы.
Тәрбиелі отбасыдан шыққан балалары өмірде өз жолдарын тапқан. Отбасылы. Үлкен ұлы Руслан Тараз қаласында зейнетақы тағайындау орталығында қызмет атқарса, ортаншы ұлы Рүстем мемлекеттік қызметкер, Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып қызмет атқарады. Қызы Арайлым Тараз қаласындағы орта мектепте мұғалім, ал кіші ұлы Шерхан қазақ-түрік лицейінде мұғалім болып қызмет етеді.
Шүкеев Боранқұл Айтбекұлы аудан соғысының жауынгері және ардагері ретіне «За боевые заслуги», «Ветеран боевых действий», «Ветеран Афганской войны», «Войну-интернационалисту от благодарного Афганского народа ДРА», «70 лет Вооруженных сил СССР», «15 лет вывода Советских войск из ДРА», «20 лет вывода Советских войск из ДРА», «25 лет вывода Советских войск из ДРА», «30 лет вывода Советских войск из ДРА» медальдарымен, сондай-ақ, Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған.
Боранқұл аға қоғамдық жұмыстардан да қол үзген емес. Ауған соғысының ардагері ретінде мектептерде жастармен кездесіп, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне ат салысады. Аудандағы аудан соғысы ардгерлері ұйымының жұмысына белсене араласты. 1998 – 2003 жылдары аудандық ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы болып қоғамдық негізінде жұмыс атқарды. Ұйымның қалыптасуына, соғысты бастан кешкен азаматтардың жай-күйінің дұрыс болуына, денсаулығы нашар, тұрақты жұмысы жоқ ардагерлерге қамқорлық жасау бағытында бірқатар жұмыстар атқарды.
15 ақпан он жылға созылған соғыстың аяқталып, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күні. Бұл күн санамызда қанмен және термен жазылған күн болып қалды. Бұл күні – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдарды еске ала отырып, еліміздің әрбір күні бейбіт өмірдің бесігінде тербеліп, болашағының баянды болуын, әрбір үйдің түтінінің түзу шығуын тілейтін күн.
Ауған соғысының сарбазы Боранқұл Шүкеев ағамыз да тәуелсіз елде өмір сүріп келе жатқан халқына, туған-жердегі ағайын-туысқа бейбіт өмір, ауызбірлік пен ынтымақ тілеп отыр.
Ортақ тәртіпке бағынып, интернационалдық борышқа адал болған жауынгер ағалардың өшпес ерлігі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі, өнеге болмақ.
Асан Тілемісов
Сарысу ауданы