ҚАЗАҚСТАНДА САЙРАМ ТАРИХИ АТАУЫМЕН ЖАҢА БРЕНД ПАЙДА БОЛДЫ

Қазақстанда Сайрам тарихи аймағының атымен жаңа бренд пайда болды. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
– Құрметті әріптестер, сіздердің назарларыңызға тағы бір маңызды ақпаратты ұсынғым келеді. Қазақстанда жаңадан Сайрам географиялық көрсеткіш тіркелгенін ресми мәлімдейміз! Сайрам – Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық ірі қала. Тарихи нысанның атын насихаттап, сауда-саттықта танымал ету мақсатында өтініш беруші серіктестік нан-тоқаш өнімдерін шығаратын «Сайрам» атауын таңдаған. Осылайша елімізде 5 географиялық көрсеткіш тіркелді. Олар: «Түркістан» балмұздағы, «Түркістан» шоколады, «Алматы апорты», «Қарағанды» балмұздағы және «Сайрам» кексі, – деді Талғат Уәли.
Айта кетейік наурыз айынан бастап тауар таңбаларына жедел сараптама жүргізу қызметі енгізілді. Өтініш берушілерге жеделдетілген сараптама жүргізу арқылы 3 ай ішінде тауар белгілерін құқықтық қорғауға мүмкіндік беріліп отыр. Осыған дейін бұл процедура 7 айға дейін созылатын.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі