ҚАЗАҚ ВАЛЬСІНІҢ КОРОЛІ ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 95 ЖЫЛ

🔰Қазақтың ән қоржынына өшпес мұра қалдырған композитор, қазақ вальсінің королі — Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толып отыр.
🔰Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған. Мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етті. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды.
🔰Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді. Оның «Сыған серенадасы», «Дүнген қызы», «Арыс жағасында» , т.б. әндері халықтың арасында әлі де ғұмырын тоқтатпаған.
🔰Сазгер әндері 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы