ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІ ЖАБЫЛСЫН
— Мен «Қазақ тілі» қоғамының басшыларының бірі ретінде жыл сайын бірінші қыркүйек қарсаңында «Қазақ мектептері жабылсын!» деген ұран тастап келемін. Ешбір елде, мәселен, Ресейде «русская школа», Өзбекстанда «узбек мактаби» дегендер жоқ. Болмаса, Сіз Парижде «француз мектебін», Лонданда «ағылшын мектебін» кездестіресіз бе?.. Сондықтан бізде де бір-ақ «мектеп» болу керек, ол мемлекеттік тілде оқытатын мектеп болу керек. Қалғаны іретіне қарай (ақылы, жексенбілік, факультетивті, т.б.) бола жатар…
Содан қазір Алматы-Нұр-Сұлтанда саңырауқұлақша қаптай бастаған ақылы, элиталы мектептер мәселесіне назар аудару қажет-ақ. Өйткені жоғарғы билік пен бизнестегі тасы өрге өрмелеп тұрған орысқолдылардың немере-шөберелері осы мектептерді бітіріп, күні ертең басымызға әңгіртаяқ орнатпауын ойлалық…
***
Мәселен, бірнеше жылдан бері сағызша созылып келе жатқан латын қарпіне ауысу мәселесін алалық. Құдайым-ау, Ахаңның жолына қалай ораламыз? Оның бірі араб қаріпті жазу үлгісі болса, екіншісі – латын текті жазу ғой! Отыз жыл мемлекеттік тілді дамытып жатырмыз деп есеп береміз, «пәлен жерде пәлен пайызға қазақшаландық» дейміз… Соның Сізге қандай пайдасы бар, қоғамға, туған тілімізге әсер, ықпалы қандай?!. Кеңестік кезеңді (бақандай 70 жыл!) айтпай-ақ қойдық, 30 жылда еліміздегі орыс мектебін бітіріп шыққан балалардың бірде-біреуі «екі» алып, мектеп бітіре алмай, болмаса «көше алмай» қалған емес. Бәрінікі – «төрт» пен «бес». Міне, қазақша тіл сындырмақ түгіл, қазақ тілінің «біссімілдасын» үйрете алмаған мұғалімдер қанша миллион айлық ақша алды, осылардың қаншасы «істі» болды?.. Қайран желге ұшқан миллиондар, құшақ-құшақ өтірік ақпарлар, қоғамды жайлаған көз бояушылық…
***
Мұның бәрі – қазақ тілі мен мемлекеттік тілді шатастыруымыздан. Ағайындар, екеуі екі басқа дүние ғой. Ал мемлекеттік тілді сол Парламент мүшелері, соттар, генералдар тәрк қылып жатса не істемек керек! Міне, қазақша айтқанда, артымыздың ашылатын жері осы. Егер, шындығын айтып, бар-жоғы жылма-жыл тұрақты түрде 2-3 пайыз нәтижеге қол жеткізіп отырғанымызда, бәріміз 30 жылда 60-90 пайызға жетер едік-ау…
Қазақ тілінің бағын байлап, тұқырту құралының бірі – аралас мектеп екенін де айта алмай, күбіжектеп, сылап-сипап келе жатқан жағдайымыз бар. Ащы да болса айталық, бұл – әлем алдындағы өте ұятты іс, отаршылдықтың нақты көрінісі, маңдамайымызға басылған таңба. Патша өкіметі Қазақ Даласына дендеп еніп, екі тізгін, бір шылбырды қолына алған кезде өзіне қолбала ғып жұмсап, тілмәш ретінде пайдалану үшін «Русско-киргизская туземная школа» дегенді ашып еді. Міне, осы ақ патшаның «жақсылығын» әлі күнге көріп келеміз… Тағы да қайталап айтқып келеді (оны дәлелдеп жатудың керегі жоқ!) «аралас мектеп» дегеннен құтылмай, қазақ тілінің бағы ашылмайды!
(с) тілтанушы, алаштанушы Ғарифолла ӘНЕС
Dastan Kastay facebook парашасынан https://www.facebook.com/share/p/1Fg3ECUASJ/

