Қазақ ертегілерін оқып жүрміз бе?

 

Қазақ мәдениетінің бай мұрасы болып саналатын ертегілер негізінен халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрлері мен дүниетанымын айқын көрсетеді. Қазақ халқының ұлттық ертегілері көбінесе адамның табиғатпен, қоғаммен қарым-қатынасын, әділдік, батырлық және адамгершілік құндылықтарын суреттейді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұраны түркістандық кітапханашылар да насихаттап келеді.

«Кітаппен өскен бала» жобасы жолға қойылғалы Түркістандағы кітапханаға жас оқырмандар жиі бас сұғатын болған. Қызығушылықтары артып, кітап оқуға деген ынта пайда болды дейді кітапханашылар. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының балалар секторы жоғарыда аталған жоба аясында жас оқырмандар үшін кезекті танымдық шара ұйымдастырды. Іс-шара барысында балаларға ұлттық құндылықтарды насихаттау және көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатында, халқымыздың ауыз әдебиетінің інжу-маржандарының бірі саналатын «Ақ әжемнің ертегісі» оқылды.

Балалардың танымдық қабілетін арттырып, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіру мақсатында тәрбиелік мәні бар анимациялық мультфильм көрсетіліп, сурет салып шығармашылық жұмыстармен айналысты. Іс-шара соңында балалармен түрлі қызықты әрі дамытушы ойындар ойнатылып, олардың көңілді әрі пайдалы уақыт өткізуіне жағдай жасалды.

Түркістан қаласы