Қатігез байдың тәубеге келуіне себепші болған тасбақа

Ертеректе бір бай болған екен. Ол бай байыған сайын жаңа үйлер салады. Бірақ оған көңілі толмай тағы да биік үйдің құрылысын бастайды. Іші пысқан бай бір күні құрылыс барысында бақшада жүрген тасбақаны ұстап алып, батпақпен бірге илеп, тірідей кірпіш арасына қалап жібереді. Уақыт өте құрылыс аяқталып, бай зәулім үйіне кіреді. Көп ұзамай аяқ астынан ауырып қалған әлгі бай қанша емделгенімен дертіне шипа таппай, аяғынан жүре алмай, сал болып отырып қалады. Ем қонбаған соң байды үйіне әкеледі. Күнделікті өмірі мүгедектер арбасында өтетіндіктен, оның көмекшілері арбаға салып, серуендетуге шығарады екен. Бірде бай бақшада демалып отырып, үйдің дуалының жоғарғы жағына ұшып-қонып жүрген бірнеше құстарды көреді. Ол жерде ұя дейтіндей ұя да жоқ еді. Таңырқап қалған бай, мұның сырын білу үшін көмекшілерін шақырып, әлгі дуалға шығып қараса, кірпіш сылағының басы сиятындай жарылған жерінен қыстырылып қалған тасбақаны көреді. Әлгі құстардың бірі су, бірі жәндіктерді тұмсығымен тасып, қыстырылып қалған тасбақаны тамақтандырып жүрген екен. Мұны көрген мүгедек бай, кезінде өз қолымен батпақпен қоса сылап жіберген тасбақа екені есіне түсіп, арада қанша жылдар өтсе де тасбақаның осы күнге дейін өлмей тірі қалғанына қайран қалады. Тез арада әлгі қыстырылып қалған тасбақаны босатқызып, бақшаға жібертеді.
Жаратушы Аллаһ Та’алла адамнан табылмаған мейірім мен қамқорлықты құстарға беріп, тасбақаның өмірін сақтап қалған екен. Мұны көрген әлгі байдың мейірімділік сезімі оянып, Алладан көзіне жас ала отырып кешірім сұрайды. Істеген ісіне қатты өкінеді. Себебі, тасбақаның дуал ішінде тірі болғаны болмаса, мүгедектен еш айырмашылығы жоқ еді. Алла да мейірімсіз әрі қатігез байды тасбақа сияқты кеудесінде жаны болғанымен жүре алмайтын мүгедекке айналдырған еді. Әлгі бай тасбақаны еркіндікке шығарған күннен бастап, ақырындап дертінен айыға бастайды. Күндер мен айлар өтіп дертінен толық жазылып, аяғымен жүретін күнге де жетеді.
Бұл оқиға Пайғамбарымыздың (салааллаһу ьәлейһи уә сәллам):
«Мейірім етпегенге Алла да мейірім етпейді»-деген сөзіне дәлел бола алады.