КӘСІП ТҮБІ – НӘСІП!

Кәсібін ашып, шаруашылығын дамытуға ауылдағы ағайын бүгінде белсене кіріскен. Мемлекеттік қолдауды айқын сезінген қауым қам-қарекетке көшті. Ауданымызда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда.

 

Бүгін 30 тамыз Конституциясы күніне орай, Тоғызкент ауылында ешқандай минералдық қоспасыз өсірілген табиғи таза қауынынан «Қауын-қақ» кептірілген қауын өңдейтін кәсіпкерлік нысанның ашылу рәсімі болып өтті.
«Бизнестің жол картасы – 2025» Бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдауға ие болған, Тоғызкент ауылының тұрғыны, «Байсеит-Ата» шаруа қожалығының төрағасы Божбанова Ләззат Омарбекқызы «Қауын-қақ» кептірілген қауын өңдейтін цехты іске қосты.

 

Аталмыш шараға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қатысып құттықтау сөз сөйледі.
— Ауданымызда шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында, «зәкірлік» жобалар қолға алынған болатын. Сол жобалардың бірі ретінде осы кәсіпкерлік нысанды ашқалы тұрмыз. Бұл заманауи құралдармен жабдықталған «Қауын-қақ» кептірілген қауын өңдейтін цех өндірістік процестерді басқарудың тиімділігін арттырып, мол өнім шығарып, табысқа жетелейді деген сенімдеміз, — деді аудан басшысы өз сөзінде.

 

Бұдан кейін сөз алған ауыл қариясы Тайменов Шейірбек жаңадан іске қосылған кәсіпкерлік нысанның жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Сарысу ауданы