Қарты бар үйдің қазынасы бар
Халқымызда: «Қарты бар үйдің қазынасы бар» — деген сөз бар. Өмірдің бұралаң жолында, даналық соқпағын қалдырған қарттарымыз біздің баға жетпес асыл қазынамыз. Өйткені өткен шақты екшеп, ертеңіңді болжап беретін, ақыл да, өнеге де осы жандардың бойында тұнып тұр. Сондықтан оларға деген сый-құрмет ешқашан толастамасы анық.
Бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов төменгі Шу бойында іссапарда болып, Жайлаукөл ауылында тұратын еңбек ардагері, ұзақ жылдар бойы шаруашылықта қызмет еткен 90 – ның төбесіне шыққан батыр ана Жолдыкүл Өтелбаева әжейдің отбасында болды.
Мерекемен құттықтай келген аудан басшысы ғасыр жасаған кейуананың жағдайын сұрап, балалары мен немере-шөбересінің ортасында ақылшысы болып, аман отыруын тілектестігін білдіріп, сый-сияпат жасады.
Өнегелі әулеттің отын маздатып, шамшырағы болып отырған Жолдыкүл әжей бейнетпен өткен ғұмырының зейнетіне бөленіп, ұрпақтарының алдында бақытты өмір кешіп келеді.
Арнайы құттықтап келген аудан басшысына ризашылығын білдірген кейуана елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.