ҚАРИЯЛАР ҚҰРМЕТ ҚҰШАҒЫНДА

Халықаралық қарттар күніне орай «Ыдырыс» мейрамханасында мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, қарияларға жүрекжарды лебізін арнады.
– Біз ежелден «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деп ақсақалын ардақтап, қарттарын қадірлеп, даналық дәрістерін көңілге тоқып, ұрпақтар сабақтастығының ұлы көшін жарасыммен жалғап келе жатқан елміз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз өскелең ұрпақ үшін таусылмас тағылым.Татулығымыздың тұтқасы, ұлттық ұлағатымыздың тұмарындай болған қарияларымыз тәлімі мен тәжірибесін еліміздің дамуы жолына жұмсаудан бір сәтке де жалыққан емес.


Халқымыздың ең ізгі құндылығының бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету десек, бұл игі дәстүр қаламызда да көрініс табуда. Бүгінде Тараз қаласында 48 500-ден аса зейнеткер тұрмыс кешсе, оның 5-еуі – Ұлы Отан соғысының ардагері, 700-ден астамы – тыл еңбеккерлері.
Мемлекет тарапынан қатары сиреп бара жатқан қазыналы қарттарымызға арналған әлеуметтік қызмет түрлері мен көмек жолдары да үнемі жетілдірілуде. Соның нәтижесінде көне шаһардағы жалғызілікті қарттарымыз үйде әлеуметтік көмекке қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ санаторлы-курорттық емдеу шараларымен қамтылған қарияларымыздың да қарасы қалың. Өңіріміздің өрістеп, өркен жаюы жолында әрқайсыларыңыздың қосқан үлестеріңіз зор. Бүгінгі жарқын жетістіктеріміз – сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі, – деген шаһар басшысы бірқатар ардагерге «Еңбек ардагері» төсбелгісі мен Құрмет грамоталарын табыстады.
Келесі кезекте Еркінбек Солтыбаев, Амангелді Кәрентаев, Қасымхан Төлендиев, Жаңабай Миллионов, Асқарбек Сейілхан, Қайрат Шотбақов секілді облысымызға танымал еңбек ардагерлері ізгі тілектерін жеткізсе, «Әулиеата әуендері» ансамблі ән мен биден шашу шашты. Сондай-ақ қазыналы қарттарымыз өздерінің құрметіне жайылған ақ дастархан басында тағылымға толы әңгіме өрбітіп, орамды ойларын ортаға салды.
ТАРАЗ ҚАЛАСЫ