ҚАРАШЫ ЖАН-ЖАҒЫҢА, ІНІМ, БАРЛАЙ
Қарашы жан-жағыңа, інім, барлай,
Өз жеріңде өзіңнің күнің қандай?
Бір Аллаға болсаң да сыйынғандай,
Үйің қандай? Тұрмысың, күйің қандай?
Құның қандай, бауырым, құның қандай,
Сен дегенде дүние құбылғандай?
Өз жеріңде өзгеге сөзің өтпей,
Жабырқаусың күресте жығылғандай!
Қарашы жан-жағыңа, інім, барлай,
Шыңғырсаң шығаратын үнің қандай?
Сөйлерге өз тіліңде мінің бардай,
Орысша шүлдірлейсің бірің қалмай.
Қарашы жан-жағыңа, інім, барлай,
Келеді қыр соңыңнан мұңың қалмай.
Құрығынан көршіңнің құтылғанда
Болып еді кешегі жоқ бүгін бардай.
Қарашы жан-жағыңа, інім, барлай,
Болдың ғой солып, семіп, сығылғандай.
Алшаң басқан алаштың ұрпағы едің,
Тұра алмайсың тамырдан жұлынғандай.
Мұқтарбек Тұрысбекұлы 14.07.25 ж.
Мұқтарбек Айт facebook парақшаыснан https://www.facebook.com/share/p/1JNvXcfWgo/

