КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ҮЙДЕГІ ҰРЫС-КЕРІСТІ БОЛДЫРМАУ ҮШІН…

Қызық жағдай ғой, қараңызшы. Полиция патрулі болып қызмет істейтін бір кісі былай дейді: «Қазір ұрлық-қарлық тоқтады, кісі өлтіру, қастандық жасау деген секілді қылмыстар түбімен жым болды. Қазір тек үйде отырып ұрсысып қалған, төбелескен ерлі-зайыптылардың шақыртуларына ғана барып жүрміз…»

Қазақ «Етігіңнің жыртығын — су кешкенде білерсің» дейді. Иә, шынымен де осы бір карантин бізге көп жыртығымызды көрсетіп, тесігімізді ашып бергендей болды ма, қалай өзі?
Мойындауымыз керек, көбіміздің «әке» ретінде бір отбасыны баурап әкете алмайтынымыз көрініп қалды. Көбіміздің «ана» ретінде барлығын құшағына сыйдырып, тыныштық сыйлайтын күшіміздің аздау екені байқалып тұр.

Бұрын жұмысқа кетіп қалатын, үйге тек кешке келіп, 1-2 сағат отырсақ отырдық, отырмасақ «ертең жұмыс» деп ұйықтап қалатын басымыз енді баламыздың бір сәттік айғайын, үйдегілердің еркелігін көтере алмай жүйкеміздің сыр беріп жатуы ненің салдары?
Қытайда көпке созылған карантиннен кейін
ажырасу көрсеткіші күрт көбейгенін, көп отбасының ажырасып кеткенін БАҚ жарыса жазды. Иә, күн асты елі ең жаман індетті жеңуін жеңіп алып, енді ажырасып жатыр.

Біз ше? Біздің жағдайымыз не болады?
Ол үшін сіздерге 1-2 ғана нұсқаулық бере кетуді жөн көрдік. Бұның түбі бір пайдасы тиері сөзсіз. Сондықтан кәдеңізге жаратыңыз!
⤵⤵⤵

  • 1️⃣ Ұрысты қоздырушы, адамға жаман ой салып, ерлі-зайыптыларды, ағайынды бір -біріне айдап салушы «шайтан» деген нәрсенің бар екенін көбіміз ұмытып кетеміз. Әсіресе, осындай кезде оның ықпалы жүрмей қалады деп ойлайсыз ба? Әрине жүріп тұр! Лағынеті шайтан, тіпті, Адам атаның екі ұлын (яғни туған бауырларды да) бір-біріне айдап салып, ақырында Қабыл Абылды өлтірген жоқ па?
    Ендеше, отбасының ең бірінші сақтанатын нәрсесі осы болуы керек. Ал шайтаннан қорғанудың жолы — таңертең оянғанда, кешке жатарда айтылатын дұғаларды айтып жүру, «Аятул Курсиді» оқу, үйде азан шақыру, ең болмағанда Құранды қосып қою екенін біле жүріңіздерші. Алланың есімі аталған жерден шайтан қашады. Ол отбасына ібіліс ешқандай ықпалын жүргізе алмайды.
  • 2️⃣ Жаңа айтқанымыздай, көп ұрыс үйдегі бала-шағаның айқай-шуын көтере алмаудан шығып жатыр ғой. Ал біз оны неге көтере алмай қалдық деген сұрақ сізді де мазаламай ма? Ақпарат тасқыны тоқтамай тұрған заманда What’sApp-тан да, басқадан да неше түрлі мәліметтер сең жүргендей келіп жатыр, келіп жатыр. Біреуін тыңдап күйінесіз, біреуін тыңдап жылайсыз. Тіпті, айдаладағы біреуге боқтап та жібересіз. Вирустың тоқтамай өршіп тұрғаны тағы бар. Осының бәрі ақырын-ақырын жүйкеңізді тоздырады. Сізді жей бастайды. Содан кейін әлдекімге жұдырық көрсетіп, ашуланып, өзіңізден-өзіңіз теріңізге сыймай кетесіз. Енді бұдан шығудың жолы айтпаса да түсінікті. Әркім өз жағдайына қарай шешімін жасар…
  • 3️⃣ Үшінші нәрсені ер адамдарға айтайықшы. Себебі, әйелдердің көбі онсыз да үйде отырды ғой.
    Сіз, сөзсіз, түздің адамы едіңіз. Қанатыңыздың астындағыларды асырау үшін қызметте жүрдіңіз. Ал енді…
    Ойламаған жерден торда қалған арыстанға ұқсап үйге қамалдыңыз. Осындай кезде әйеліңіздің істерінен мін іздеп, кей тірлігіне араласып кетудің қажеті жоқ. Бұл онсыз да жанайын деп тұрған шоққа бензин құйып лап еткізумен бірдей іс деп білуіңіз керек.
  • 4️⃣ Дәл қазір біз «САБЫР ЕТ, ҮЙДЕ ОТЫР» деген тіркесті жиі естіп жүрміз, солай ма? Тіпті, осыны естіп «құсқысы» келіп жүргендер де бар шығар😊
    Алайда, дәл қазір «сабыр ет, үйде отыр» деген сөзді біз:

❌ қабағыңды түйіп, балаларыңды жиып, айналаңдағыларға айғайлап, әйеліңмен айтысып үйдің ішінде қамалып отыр, өміріңді түнекке айналдыр деп емес,

✔️ оқи алмай жүрген кітаптарыңды оқы, балаларыңа айта алмай жүрген ертегілеріңді айт, әйеліңмен көбірек әңгіме дүкен құр, туыстарыңа телефон соғып, бәрімен сөйлес, интернеттен қарап отбасыңмен әртүрлі қызықты ойындар ойна, құлшылыққа көңіл бөл, пайдалы нәрселермен айналыс

деп түсінгеніміз дұрыс. Міне, сонда ғана бұл уақытша «карантинді» тиімді, жеңіл әрі ең қуанышты қылып өткізетініміз анық!

Алла әр отбасыға тыныштық, бақыт, береке нәсіп етсін! Шаңырақ шайқалмасын, кереге бұзылмасын!