Қалдықтарды қайта өңдеу қарқын алып келеді
Қазақстан қоршаған ортаны қорғауға барынша көңіл бөліп келе жатқан мемлекет. Ластануды бақылау мен басқаруды күшейту және қоршаған ортаны қорғау туралы заңдар мен тиісті нормативтік актілерді жүзеге асыру арқылы экожүйелерді қорғауға жәрдемдесу мақсатында мемлекеттік қолдауларды да жыл сайын күшейтіп келе жатыр. Мұнда қоршаған ортаны қорғауды мақсат ететін, қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындардың құрлысына мемлекеттік жәрдем беру басты назарда тұр. Бұл жағында дамыған мемлекеттердің тәжірибесі үлгі алуға тұрарлық. Мәселен көрші Қытай елінде қоқыстарды қайтадан өңдеу арқылы өнім өндіру, мүлде өңдеуге келмейтін қалдықтарыдң өзінен энргия шығару сынды мол тәжірибесі арқылы қыруар экономикалық кіріс кіргізіп, халқын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Қазіргі таңда біздің елімізде де осыған ұқсас жобаларды қаржыландыру саласына мемлекет тарапынан қолдаулар күшейе бастады. Соның бір мысалы ретінде «Жасыл даму» АҚ демеушілік танытып отырған жобаларды айта кету керек.
Аталмыш компаняиның баспасөз қызметі таратқан мәліметтерде «Жасыл даму» АҚ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жалпы сомасы 903 миллион теңгеге үш экологиялық жобаны қаржыландырды. Бұл жобалар Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жүйесін жаңғыртуға және жақсартуға бағытталған», -дейді.
Мұндағы бірінші жоба -Қостанай облысының Рудный қаласында құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге, сұрыптауға бағытталған техно-экопарк салу. Өтініш беруші компания «Рудный-АБАТ-2006» ЖШС. Жобаның қуаттылығы жылына 50 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды және 70 мың тонна құрылыс қалдықтарын сұрыптауға мүмкіндік береді. 40-тан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Екінші жоба — Шымкент қаласында көлік дөңгелектерін қайта өңдеу өндірісін жаңғыртатын кәсіпорын құрлысы. Өтініш беруші компания «Эко Шина» ЖШС. Жаңа өндіріс орындары жыл сайын 10 000 тоннаға дейін дөңгелектерді қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 80-ге дейін жұмыс орны құрылады.
Үшінші жоба — Қостанай облысының Рудный қаласында резеңке-техникалық бұйымдарды қайта өңдеу және кәдеге жарату өндірісін жаңғырту. Өтініш беруші компания «Еділ және компания» ЖШС. 15-тен астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде, ал өндірістік қуаттылық жылына 543 тоннадан 8300 тоннаға дейін қайта өңделеді.
Қаржыландырылған 3 (үш) жоба ел өңірлеріндегі қалдықтардың санын азайтуға, олардың қоршаған ортаға теріс әсерін болдырмауға бағытталған. Мұнда уақыт өте келе өңдеуге қажетті шикізаттарды өзге аймақтардан тасымалдап әкелуге де мүмкінік бар. Ол өз кезегінде қоршаған ортаны қоқыстардан тазартуға үлкен септігін тигізетін болады.
Ерқазы Сейтқали