К.Маккалоу: Құқық қорғау жүйесінде БАҚ-пен байланыстың маңызы зор

Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясында «Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің БАҚ-пен және әлеуметтік желілермен тиімді өзара іс-қимылы» тақырыбындағы оқу курсы аяқталды. Іс-шара Астана қаласындағы Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегі ұйымының бағдарламалар Офисімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Оқыту курсы баспасөз қызметтерінің жұмыс тиімділігін арттыру және прокуратура органдарының ақпараттық ашықтығын қамтамасыз арқылы халықтың прокуратураға сенім деңгейін күшейту мақсатында ұйымдастырылды. Семинарға облыстық және оған теңестірілген прокуратуралардың баспасөз хатшылары қатысты.

Тренингте криминалды хабарды түсіндіру тәжірибесі, сұхбаттасушымен байланыс орнату, тиімді коммуникация тетіктері секілді тақырыптар қарастырылып, Қазақстан құқық қорғау органдары мен БАҚ арасындағы қарым-қатынастар сапасы, әлеуметтік желілер, қазіргі кездегі баспасөз қызметінің жұмысы, сонымен қатар имидждік жұмыстың кәсіби дағдыларын жетілдіру мәселелері зерделенді.

Семинар спикерлері белгілі журналистер мен қоғаммен байланыс саласындағы жетекші мамандар болды.

Астана қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар Офисінің Саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Колин Маккалоу семинарды өткізудің жаһандану және қоғамның ақпараттық дамуы жағдайындағы өзектілігін атап өтті.

Курс соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Бас прокуратура жанындағы

Құқық қорғау органдары академиясының

баспасөз қызметі