КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ

Жыл сайын көктеммен бірге ілесіп келетін 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні нәзік жанды қауымның асыға күтетін мерекесі. Бұл күні әз әжелерге, ардақты аналарға, аяулы қыз-келіншектерге құттықтаулар айтылып, ақ тілектермен қоса гүл шоқтары табысталатыны белгілі. Дәл осы игі дәстүр биыл да жалғасын тауып отыр.

Бүгін аудандағы бірқатар көпбалалы аналарға “Алтын алқа” және “Күміс алқа” алқаларын табыс етіп, мерейлі мерекелерімен құттықтадық. Жалпы, қоғамдағы барлық игіліктердің қайнар бастауында ұлтымыздың ұлылығын ұлықтаған, берекелі тірлікке қамқоршы, тілектес болған аналарымыз бен қыз-келіншектердің тұрғандығы аян. Сондықтан, мемлекетіміздің демографиялық дамуына және тек бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің ең басты байлығы — адами капиталдың артуына үлкен үлес қосып, көпбалалы ана атанып, ұрпақтың ертеңі үшін еңбек етіп жүрген нәзікжандыларды бүгінгі күннің нағыз батырлары ретінде мақтан етеміз.
Сонымен қатар, ауданымыздың өркендеуіне елеулі үлес қосып, түрлі салада жетістікке жеткен аяулы аналарымызбен де кездесіп, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, ақ жаулықты әжелеріміздің батасын алдық.

Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі