Кәсіподаққа сеніміміз артып келеді

«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Филиал мәдениет, спорт және туризм басқармаларымен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Бүгінде бұл салаға қарасты 123 мекемеде ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес ұжымдық келісімшарт жасалған.

Бүгінгі таңда бізге қарасты салада 5805 кәсіподақ мүшесін біріктіретін 129 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Жоспарлы түрде бастауыш кәсіподақ ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі мен тәртіптің сақталуы, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қаржы тәртібінің орындалуы қадағаланып, әдістемелік көмек көрсетіліп отырады.

Кәсіподақ көшбасшыларының білімін жетілдіру мақсатында есепті жылы 3 семинар-кеңес, 19 кездесу, 3 дөңгелек үстел, сонымен қатар, республикалық салалық кәсіподақ пен федерация тарапынан, облыстық кәсіподақ орталығынан да жан-жақты қолдау көрсетіліп, 2 онлайн семинар өткізілді.

Салалық кәсіподақ әлеуметтік әріптестікті дамытып, нығайту, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыру жұмыстарын ұтымды ұйымдастырып, кәсіподақтардың үздік дәстүрлерін жаңғыртуға айрықша көңіл бөлуде. Биыл кәсіподақта сала қызметкерлерінен түскен 14 жазбаша өтініш қаралса, 212-ден аса ауызша кеңестер берілді. Биылғы 8 айда 139 адам кәсіподақ кеңесіне жүгінді. Бұл көрсеткіштер кәсіподаққа сала қызметкерлерінің сенімі артқанын, кәсіподақтың нақты көмегін сезінгенін көрсетеді.

Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын түзету мақсатында Жаңақорған, Сарыағаш, Манкент, Айша Бибі, Меркі шипажайларына 3 миллион 380 мың теңге жоспарланып, кезегімен кәсіподақ мүшелерінің ем алуы ұйымдастырылып отыр. Түркістанға 68 адам саяхат жасаса, жаз айларында Ыстықкөл мен Алакөл жағажайларында 64 адам демалып қайтты. Бұдан бөлек, 1 миллион 200 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Дәстүрлі түрде кәсіби мерекелерде үздік кәсіподақ мүшелерін марапаттау іс-шаралары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жалпы, биыл 108 кәсіподақ мүшесі түрлі марапаттарға ие болды.

Біз өзімізге қарасты мәдениет, спорт және туризм саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіруге күш салудамыз. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы сала мамандарының жалақысы 23, биыл 22 пайызға өсті. Ендігі кезекте алдағы жылы олардың жалақысын 30 пайызға жоғарылату бағытында жұмыс істеудеміз. Сонымен қатар, кіші техникалық қызметкерлердің де жалақысын өсіру бағытында жұмыс істеп, құзырлы органдарға сұраныс берілуде.

Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВ,

«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.