Кәрілік туралы

Жақында өрімтал бір жас маған сұрақ қойды. «Кәрі болған қандай екен?» деді.
Жөпелдемеде естіген сауалымнан сасып қалдым. Өйткені, өзімді кәрі сезінбеуші едім. Менің сасқанымды көріп жас баланың өзі де ұялып кетті, білем. Дегенмен, сұрақ қызық екен дедім. Ойланып көрейін, сосын жауабын айтамын деп шештім.
Қарттық деген ұлы сый. Бүгін мен өмір бойы арман еткен адам кейпіндемін.
Мәселе менің тәнімде емес, әрине! Кейде мынау әжімдер көңіліме кірбің түсіретіні бар. Менің айнама қонақтап алған кемпірден кейде өзім де шошып кетем. Бірақ ондай ұсақ-түйекті көп ойлап, уайымдамаймын.
Менің тамаша достарымды, өзімнің осынау ғажап өмірімді, мені төбесіне қойып жақсы көретін отбасымды шашымдағы ақтың азаюы немесе сымдай тартылған сымбатты мүсінге еш айырбастамас ем.
Кәрілік жеңген сайын өзіме мейірімді бола бастадым, сыни көзқарасты азайтып келем. Мен өзіме дос болуды үйрендім. Артық тәтті жегенім үшін өзіме ұрыспайтын болдым. Төсекті уақтылы жинамағаным үшін өзіме ренжімеймін. Аса қажеті болмаса да менің бағымның сәнін кіргізген кесірткені сатып алғаным үшін еш көңілім түспейді.
Мен өте көп адамның, жақын достарымның өмірден тым ерте кетуінің куәсі болдым. Олар кәрілік сыйлайтын ұлы еркіндікті сезінбестен бақи дүниеге аттанып кете барды.
Таңғы төртке дейін кітап оқып, талтүске дейін ұйықтайтыныма кім бөгет бола алады? Елуінші жылғы әуендерді тыңдап алып, өзіммен өзім билеймін. Қол жетпеген махаббатымды еске түсіріп, жылағым келсе, жылап алам.
Жағажайда лыпамен жүріп өте алам. Менің толысқан тәніме жақтырмай қараған сұқ көздерді сезсем де, мұхиттың толқындарына бір сүңгіп шығатын қауқарым бар. Ерте ме, кеш пе сұлу тәннің бәрі қартаяды. Олар да мендей болады, сонда түсінеді.
Кейде ұмытшақ болып кетем. Рас. Дегенмен, өмірде барлық нәрсені есте сақтау шарт емес. Сақтауға лайықсыз қанша дүние бар. Маңыздысын еске түсіріп алам.
Әрине, ұзақ ғұмырымда жүрегім көп рет жараланды. Сүйіктіңнен айырылғанда, балаң ауырғанда жүрегің қалай сау қалсын? Тіпті есік алдындағы итіңді көлік қағып кетсе де уайымға батасың, қайғырасың.
Бірақ жаралы жүрек адамның күш-қуатының қайнар бұлағы. Біздің түсінігіміздің, мейіріміміздің бастауы. Жүрек ешқашан жараланбаса, таза әрі пәк күйде қалса, өзінің толымсыздығының бақытын сезіне алмас та еді.
Шашыма ақ түскенше тірі болу маңдайыма жазылғанына мың мәрте ризамын. Менің жастығымның күлкісі бетіме терең із салып сақталғанын көруге жазыпты. Шашына ақ түспей қанша адам өмірден өтті, шын күлкінің қасиетін түсіне алмай кете барғандары қаншама?
Мен «жоқ» деп риясыз айта алам. «Иә» дегенді де шынайы айтам. Қартайған сайын шынайылық оңай бола береді. Өзгелер сен туралы не ойлайтынына мазасызданбайсың. Өзіме күмән келтірмеймін. Мен қазір тіпті қателесу құқыма иемін.
Сонымен, сауалға қайта оралсақ, былай дер ем: «Маған кәрі болған жақты. Кәрілік мені көп нәрседен босатты. Қазіргі кейпімде өзіме қатты ұнаймын. Мен мәңгілік емеспін. Дегенмен, жер бетінде бар кезімде мен не болар еді, не болуы мүмкін еді деп бос уайым кешпеймін, ертең не болады деп азап шекпеймін. Құдайдың құтты күні тамақтан соң тәтті жегенді үзбеймін».
Владимир Познерге америкалық ескі досы Филлис Шлоссбергтің хаты

Аударған Шынар Әбілда