Кәрі әкесін баққан Қарлығаштан үлгі алыңдар!

Қазақ халқы өте ырымшыл, аз нәрсеге көңілі толып, бір алтын қойма тайқандай қуанып қалады. Дүниеге ер бала келсе, өмірдің жалғасы ұрпақ деп қуанып, той жасап, мәз боламыз. Бір жаман жері қыз бала болса, менсінбейміз. Осы күні осы екі баланың қайсы ата-анаға қамқоршы болатынын өмір көрсетіп отыр. Былайша айтқанда, қазіргі ұлдар көбіне келіннің сөзін тыңдап, ата-ананы қорлап, егер жалғыз басты болса, қарттар үйіне жібере салады. Онда да зейнетақы айы жақындап қалса, ата-ана бізге біраз ақша керек еді деп ұялмай-қызармай ақша сұрайтындар кездесіп қалады. Қазақ ешқашан ата-ананы қарттар үйіне жібермеген, қайта қатты қадірледі емес пе, енді қазір не болды?

Мен қыз баланың еңбегін жазып отырмын. Әкесін қимай, өз жағдайына қарамай, әкеге қамқоршы болған. Қыз баланы періште десе болғандай. Анасы о дүниеге кеткенде, ағалары жеке-жеке үй болып, басқа туыстары өз жағдайларымен болып, әкесі 70 жастан асқан кезде жалғыз қалды. Енді жеке отбасын құрған аға-жеңгелер әкесін қолдарына алғысы келмей, екі ортада қыз амалсыз әкенің жанында қалды. Кәрі әкесінің 2 көзі көрмей, әбден мүгедек қалпына түсті. Тұрмыс құрды, 2 балалы ана әкенің қамқоршысы болып қалды. Біз сөз етіп отырған ата 40 жылдан астам заң орнында қызмет атқарып, қазір зейнеткер болған қария Ережепов Сабыр осы күні қыз баланың қолына қарап отыр. Қызы Қарлығаш мен қайта тұрмыс құрмадым деп реніш білдірмей, әкесін күтіп, өзі салық комитетінде қызмет атқарып жүр. Міне, осылайша қыз бала әкенің қамқоршысы әрі сүйеніші. Осы орайда, Сабыр ақсақалды мешіт ұжымы әрбір айтулы күндерде сыйлықтарын алып барып, қарттың біраз көңілін көтереді. Бас имам Шакенов Өсірбайдың айтуынша, осындай мүгедек жандардың жағдайын біліп тұрған, көмек көрсеткен Алла алдында үлкен сауап.
Полиция қызметкерлері де ұмытпай әр мейрам күндерінде сый-құрмет көрсетіп отырады. Міне, осындай қыз балалар көп болса екен, шіркін! Қарлығаш қыздың әкесін күткелі 15 жылдан артық уақыт болды. Осы уақыт ішінде әртүрлі жағдайлар кездесті. Солардың бәріне Қарлығаш төзіп келеді. Осы газеттің бір нөмірінде айуандық деген мақаланы оқып, жер шұқып жылап жібердім. Шынымен, қазақ балалары осындай айуандық іске барды ма деп қатты өкінемін. Батыс елдерінің теледидардан, ғаламтордан көрсетіп жатқандары балаларымыздың бойына шайтан болып сіңіп кеткен бе? Әйтпесе біздің халық үлкенге «әй» деп айтып көрмеген халық қой. Енді неше түрлі сұмдықтар болып жатыр. Ақырзаман моллалар айтатын шын мәнінде жақын ба әлде. Осы мақала арқылы Қарлығаш Сабырқызының өнегелі ісін көпшілікке жария еткім келді. Ер баланы ұрпақ жалғасы десек, қыз бала ана және қамқоршы болатынын ұмытпайық. Дегенмен, әлі де көпшілікке үлгілі істерді жаза берген дұрыс деп ойлаймын. Адал ниетті қыз бала әке-шешенің тіреніші, сүйеніші болмақ. Сол Сабыр ақсақал қазір 86 жасқа келіп отыр. Жағдайы шүкір, өте жақсы. Міне, қыз баланың ерлігі осындай. Барлық ұл-қыздарымызға айтарым Қарлығаштан үлгі алыңдар!

Галимов Дәуренбек,
СҚО Уәлиханов ауданы
Кішкенекөл ауылы