Күн мен Жердің келісімшарты (Сатиралық ертегі)

Аспан шал ұйқысынан шошып оянды.

— Қорқынышты түс көрдім,

Түсімде жаман іс көрдім.

бақшамдағы бір гүлді

іздеуменен шарқ ұрдым,

солай таңды атырдым.

Тұр, бәйбіше, қарап кел,

бақшадағы гүлдерің,

түгел ме екен, санап кел, — деп кемпірін оятты.  Бұлтбикесі бақшаға шығып, гүлдерін қарап келейін десе, түн қараңғы. Ұйқыдағы қызын оятпақ болып бөлмесіне барса, қараңғы. Көрпесін бүркеніп ұйықтап жатқан болар.

— Күнім, далаға шығып келейік!

Тым тырыс!

— Күнім, тұра ғой, енді!

Үн жоқ.  Бұлтбике қызының көрпесін ашып қалғанда Күн төсегінде жоқ болып шықты!

— Ойбай, аспан! Аспан! Асеке, құрыдық!

Асекең орнынан атып тұрды.

— Не болды?

— Не болсын, маған «қора» болды.

Көзім жасы пора — пора болды.

Қызымыз орнында жоқ !

Аспан ақырғанда ауызынан от шашырап, найғазай ойнады.  Бұлтбикесі одан бетер  шүйілді, қос қабағы түйілді. Көзінің жасы көл болып, алты қат аспаннан өтіп, жеті қат жердің бетін шайды. Аспан шалдың қаһарынан Жел уәзірлер аттай тулады, жердегі жан біткеннен Күн қызды табуына көмек сұрады. Олардың қайғысына темір екеш темір де шыдай алмады. Шаруасы жәй тұрған кран да көкке бір мойын созғаны сол еді,  Аспан шалдың айқайынан қол — аяғы дір — дір етіп, жерге құлап түсті. Оны сүйемек болып,  Ұзынтұра қызыл үй қолдарын созған еді. Көмегі әдірә қалып, үш қолы бірден жерге сылқ етті. Еш алаңсыз шашын жайып, сыланып тұрған Теректер әп — сәтте жерге құлады. Өзінше құтырынған Жел уәзірлерге басу айтпақ болған Аула қария көзін сүртіп, тысқа шыға бергені сол еді, шаш ал десе бас алатын уәзірлер Аула қарттың өзін аударып тастап жүре берді.   Бас — аяғы он минуттың ішінде көк те күркіреді, жерде де  апан — топан.

Бұл кезде Күн Жұлдыз қыздармен бірге жасырынбақ ойнап жүрген болатын. Алай — дүлей дүниені байқап қалып,  әкесінің ашуы екенін біліп, үйіне жүгірді. Әке — шешесі қызының аман екенін көрген кезде «Уф!» деп терең демалды. Бұлтбикенің көз жасы сап тиылып, Аспан шалдың ашуы тез тарады.

Күн қыз өзінің ойынға беріліп кеткен кездегі болған қолайсыз жағдай үшін Жерден кешірім сұрады. Сонда Жер-Ана:

— Сен үшін жон арқамды кран тілді, бетіме Ұзынтұра үйлердің шапалағы тиді. Сен үшін жауырыным бұршақ пен жаңбырға төселді. Әлемдік әуенімен аты шығып, өсіп келе жатқан Ақтөбе деген ару қызым бар еді, сол қызымның  үрейін ұшырып алдым. Енді қайтеміз?, — деді. Ақыры Күн екеуі келісімге келіп, Күн ханшайым Ақтөбеге бар мейірімін төгемін деп уәделесті! Ал, ендігі ыстық осы Жер-Ана  мен Күн — ханшайымның арасындағы ресми келісім шартта көрсетілген норма екен. Қапа болмаңыздар, әзірге Аспан шалдың да, Бұлт бикенің де көңілі бір қалыпты. Ал, Күн ханшайым әлі күнге Ақтөбені қалай жылытарын білмей дал! Ақтөбенің көңілін аулаймын деп күле береді, күле береді. Күн күлкісі тиылмасын, Жер ананың берері таусылмасын!

 

Гүлжайнар Қалдина, Ақтөбе

Дереккөз: http://tilshi.kz/?p=10032