Күмәнді байлар тексерудің тезінен өтсін!

Осы жерде «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» деген тәмсіл ойға оралады. Себебі әртүрлі жолмен табылған ақшалар шетел асып кеткені анық. Оны қайтарудың жалғыз жолын президент ұсынды: ол — жақсы атпен оффшорларға тыққан дүниелерін кері қайтарып, капиталдарын заңдастырып, елге әкелу. Бұған иігендерге «өткенге салауат» айтылып кешірім жасалмақ. Алайда әлі күнге дейін ел бюджетіне қомақты сома түспегенін экономисттер ашық айтуда.
Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының төрағасы депутат Азат Перуашев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалында: журналистік тергеудің халықаралық консорциумы (ICIJ) Mossack Fonseca (MF) компаниясының «панамалық архивтеріндегі» мәліметтер негізінде офшорлық компаниялар мен оның иелерін жария еткенін тілге тиек етті. Оның ішінде 265 қазақстандықтың жүргенін баса айтқан депутат, қыруар қаржыны иемденгендердің бизнес әлемінде де танымал тұлғалар екеніне назар аударды. Олардың кейбіреуі билік басында жүруі мүмкін екенін де жоққа шығармады. Оларға бұл ақша қайдан келді? Егер өз еңбектерімен тапқандары рас болса, онда елге жариялауға неге құлықсыз? Осы тектес өткір қойылған депутаттық сауал ешкімді бей-жай қалдырмайды деген оймен депутат Азат Перуашевті сөзге тарттық.

Жаңа photo 17,05,2017
— Азат Тұрлыбекұлы, көпшілікке түсінікті болу үшін, соңғы уақыттары сөздік қолданысқа енген офшорлық аймақтар жайлы қысқаша айта кетсеңіз?
— Офшор аймақтары салықтан жалтару үшін таптырмайтын мекен, сондай-ақ, бюджет қаражатын жымқыру мен жемқорлық үшін де тиімді тәсіл. Әртүрлі жолмен елден шыққан миллиардтаған қаржылар сол жерлерде заңдастырылып қолданысқа түседі. Олардың артында ірі-ірі заңгерлік компаниялар тұрғанын баса айтқым келеді.
— «Панамадағы» жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің оффшор есеп-шоттарының болуы туралы мәлімет көптеген елде шу шығарды. Исландияның премьер-министрі отставкаға кетті, ал Ұлыбританияның премьер-министрі баспасөзге түсінік беруге мәжбүр болды. Сол тізімде жүрген біздің байлар неге үнсіз?
— Бұл тізімде қазақстандық үкіметтің қазіргі мүшелері, аудан әкімдері, мемлекетке қатысы бар бірнеше кәсіпорынның басшылары жүргені құпия емес. Олардың ішінде Сағадиев мырза ғана түсінік берді, ол мемлекеттік қызметке келгенге дейін бизнеспен көп жыл бойы айналысқанын мәлімдеді. Тағы бір-екі шенеунік ақталыпты деп естідім. Өзім көргем жоқ. Көпке танымал Бәйтерек холдингі мемлекеттік мекеме саналады. Сондықтан олар бірінші болып өздеріне ақшаның қандай жолмен келгенін көрсетуге тиіс еді. Олар да үнсіз жатыр. Әрине түсінік беру ар-ұяттың өлшемі ғой. Біздің байларда ол болмаса қайтеміз енді.
— Осы жерде мынадай заңды сұрақ туады? Журналистік тергеулердің халықаралық консорциумы (ICIJ) 9 мамырда панамалық Mossack Fonseca заңгерлік фирмасының 200 мыңнан аса клиенті жайлы мәлімет жариялады. Оның бәрін қылмескер деу қалай болар екен?
— Не айтқыңыз келгенін түсініп отырмын. Жарияланған тізім ішіндегі 265 Қазақстан азаматы жекеменшік кәсіпкерлер мен жекеменшік бизнесмендер. Негізінде бизнесмен өз ақшасымен байыса еркі бар әрине. Егер бұл ақшаға ешқандай мемлекеттік ресурстар пайдаланылмаса таза жолмен табылған ақша саналады. Панамадағы тізімді түзегендер де бұл қалталы азаматтарды түгелге дерлік қылмыскер деп атауға болмайтынын жарыса жазуда. Мүмкін түрлі жолдармен заң аясында кірген кірістер болуы мүмкіндігін бізде жоққа шығармаймыз. Бірақ «аққа құдай жақ!» екенін естен шығармайық Сондықтан қалай байыдың деген сұрақты төтесінен мемлекеттік шенеуніктерге, қызметкерлерге, компания басшыларына қоюмыз керек. Ақшаны қандай жолмен тапқандарын дәлелдесін. Біз талабымызды орындату үшін Үкімет басшысына сауал жолдап отырмыз ғой. Егер байлар ақшаны күмәнді жолмен тапса, онда салық органдары тексеруге міндетті.
— Біздің елде «Жау кеткесін қылышыңды тезекке шап» деген кекесін мақалдың наны жүріп тұр өкінішке орай. «Темірді қызған кезінде соғуға» бей-жай қарайтын секілдіміз. Офшорлық проблема әлемге таңсық емес, біз оны жаңалық көріп Америка ашқандай болып жатырмыз. Бұған сіз не дейсіз?
— Бұл ойыңызбен келіспеймін. Қазақстаннан оффшор аймақтарына қаражат әкету туралы проблеманы Ақжол демократиялық партиясы 2012 жылдың 3 сәуірінде және 25 қыркүйегінде, 2014 жылдың 15 қаңтарында, 2015 жылдың 13 мамырындағы депутаттық сауалдарында көтерген болатын. Мұны неге айтпасқа? Сөзімізге құлақ аспай жатса біз не істей аламыз,
— Біздің білуімізше бүгінде заң бойынша оффшор арқылы жұмыс істеуге тыйым салынбаған. Соның салдарынан бюджетке қыруар ақша түспей жатқаны жиі көтерілуде. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінде табыстың біраз бөлігі оффшор арқылы өтетіндіктен, шамамен 190 миллиард доллар әлем экономикасынан сырт айналып кетеді. Оның ішінде біздің де сыбағамыз бар екені сөзсіз!
— Дұрыс айтасыз. Бұл өзекті мәселе болып тұр. Мақтанғаным емес, 2014 жылдың 16 сәуірінде біз үкіметке қазақстандық экономиканың деофшоризациялануы бойынша шараларды ұсынған болатынбыз. Онда шенеуніктер мен олигархтардың қашуын күтіп отырмай, мұндай тенденцияларды болдырмайтын заңнама қабылдауды ұсындық. Ол «Оффшор аймақтары арқылы жүзеге асырылатын қызметті реттеу туралы» заң жобасын жасау, оны парламентке өткізу туралы мәселені қарастыру. Әзірге тұшымды жауап ала алмай отырғанымызды жеткізгім келеді. Егер бұл заң жүзеге асса, көп мәселе өздігінен шешілер еді.
— Сұхбатыңызға рахмет!

Нағашыбай Қабылбек