Италиядан хат. «Вирус неге тез тарады?»

Менің аты-жөнім – Фараби Теменов. Рим қаласындағы Линг-кампус университетінде білім жетілдіру үстіндемін. Жанымда келіншегім мен кішкентай қызым бар. Екі аптадан бері үй карантиніндеміз.

Үйде отырған соң Қазақстандағы отандастарыма, қыз-жігіттерге арнап мақала жазғым келді. Соны Сіздерге ұсынып отырмын. Коронавирус – зұлымдар жасаған биологиялық қару ма әлде шынымен табиғи мутацияға ұшыраған індет пе қазір ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ салдары адам өмірлерін қиған орасан апатқа, әлемдік экономиканы дауылды дағдарысқа ұшыратып жатыр. Бұрын-соңды мұндай жаппай, бүкіл әлем болып ерікті карантинге қамалуды естіген емеспін. Өткен жылдың соңғы күні Қытайдың Ухань қаласынан белгісіз вирус тарап жатыр деген хабарды естідік. Бірақ онша мән бермедік. Жаңа жыл басталысымен жаңа вирус өрши бастады, оған зерттеуші ғалымдар «COVID-19» деп ат та қойып үлгерді. Алдымен Азия елдері, содан соң коронавирус бірен-сараң басқа елдерге тарап жатыр деген жаңалықтарды құлағымыз шалды. Арада екі апта  өткеннен кейін коронавирус салдарынан адам құрбандықтары орын алды деген суыт хабарды естідік. Кішкене қорқыныш пайда болды: қалайша бұл дерт соншалықты тез тарап, адам өліміне соқытып жатыр? Ол уақытта магистратурамның бірінші семестрінің емтихандарын тапсырып жатқан кезім еді. Астанадан ата-анам WhatsApp-пен  қоңырау шалып алаңдаушылық білдіргенде: «Қытай қайда, Рұм қайда, бізге келмейді бұл дерт!» – деп жайбырақат тіршілігімізді жалғастыра бердік. Алайда бір ай өткен соң «COVID-19» Қытайдан келген екі туристпен Италияның солтүстік өңіріне, Ломбардия провинциясына тарады. Содан вирус жұқтырғандар саны күніне 500-600 адамға артып әл бермей тұр. 24 наурызда бір тәулікте қайтыс болғандар саны 700-ден асып кетті. Вирус неге тез тарады? Соны айта кетейін. Оған басты себеп италиялықтардың менталитеті, мысалы амандасқанда – жігіт болсын, қыз болсын екі бетінен сүйіп, «Чао»-латып амандасады, құшақтасады, айқайлап сөйлейтін әдеті бар. Оған қоса италиялықтар таңғы астарын көбінесе әр үйдің астындағы кофеханаларда ішеді. Бұл кәдімгідей салт-дәстүр: капучино мен круасан және жаңалықтарты талқылау. Ал оған қарттар санының көпшілігі мен уайымсыз зейнетақыны қосыңыз. Ойлап көріңіз:  жетпістің ар жақ, бұ жағындағы қарттар күнде көрісетін көрші-қолаңымен, достарымен енді қалайша амандаспауы мүмкін? Иә, мүмкін емес. «Тізбекті реакция» деген сол. Соның салдарынан вирус жұқтырғандар саны аспандап кетті. Италияның Премьер министрі Джузеппе Конте солтүстік провинцияларды карантинға бөгеттеді, бірақ халық індеттен қашып басқа қалалардағы туысқандары мен дос-жарандарын иектеді.  Бұл өте үлкен қателік болды деп білемін. Арада екі апта өтер-өтпестен Италияның барлық аймағы қызыл территория деп жарияланды – яғни транспорттық қарым-қатынас тоқтатылды, адам көп жиналатын орталықтар жабылды. «Оқу орындары, барлық компаниялар жұмысын онлайн режимге көшірілсін» деп жарлық етілді. Карантин режимі енді Италияның барлық аумағын қамтып тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдында Коронавирусты пандемия деп жариялаған. Бірақ кеш болды, Италия енді күн сайын антирекордтар жасай бастады, статистикалық деректер жариялайтын сайттарды оқығанда шындық екеніне сенгің келмейді. Енді құрметті оқырман, сіздерге өз жанұям туралы айтып берейін: келіншегімнің аты Сурая және енді ғана еңбектей бастаған  кішкентай қызымыз бар. Аты – Айым-Күнім. Үйде қазақша сөйлейміз. Римдегі ауа райы өте жақсы, мен сабаққа кететінмін, жұбайым қызымызды сыртта қоларбамен күнде 3-4 сағат таза ауаға шығаратын. Карантин енгізгеннен кейін бізге ең қиыны сол болып тұр. Себебі сыртқа жәй шыға алмайсың, тек азық-түлік алуға, дәріханаға немесе спортпен айналасуға шығуға болады. Көшеде адам жоқтың қасы, көліктер де бірен-саран, өзіңді бір кинодағыдай сезінезің, жаның түршігеді. Үйден шығарда әрдайым полиция қызметкерлеріне түсініктеме жазып шығасың: уақытың, жүріс-тұрысың жазғаныңа сай келмесе айыппұл төлейсің – карантин басталған уақытта айыппұл 206 еуро еді, енді 25-ші наурыздан бастап 3000 еуроға яғни он бес есеге көбейтілді. Бірақ үйде отырғанның жақсы жағы – көбірек креативті ойлайды екенсің. Отбасыңның көңілін көтересің, бала тәрбиесіне көңіл бөлесің. Келіншегім екеуміз енді кешкі уақытта фильм көрумен ғана емес, кітап оқуды әдетке айналдырдық. Мысалы, жапон жазушысының бала тәрбиесі жайлы кітабынан қызық та пайдалы нәрселерді көкейіме түйдім. Ол былай жазады: «Баланың үш жасқа дейінгі дамуы – оның төрт жасынан он жеті жасына дейінгі дамуына тең екен!». Оны оқи салысымен қызымызды музыкаға баули бастадым, таңымыз классикадан басталады, түскі ұйқыдан кейін жаңа өлеңдерді тыңдаймыз, міндетті түрде үш-төрт тілде. Айым-Күнімнің өзі жақсы көретін сүйікті әндері пайда болды, қосқан бойда тып-тыныш бола қалады, жымияды. Ойлау қабілетін арттыратын, моториканы дамытатын жаңа ойыншықтар алдық. Еуропаның жақсы жағы «Амазон» сайты тоқтаусыз істейді. Сонымен қатар уақытымыз қызық өтсін деп анда-санда терассамызға диванымызды алып шығатын болдым, күнге жылынып, асымызды таза ауады ішетін болдық. Карантиннің екінші аптасы басталғанда мангал шығарып, шашлық жасадым. Әй, біраз көршілерімнің сілекейі ақты-ау деймін! Бір ай шаштаразға бармап едім, бүгін шашты үйде алуды ұйғардық. Келіншегім көмектесіп шашпен біраз алыстық, ақыры «жеңіске» жеттік, тура шаштаразға барып келгендей болдым. Тағы да айта кететін бір қызық жайт – кешкі алтыдан кейін көрші біткен балконға шығып не терезен қарап әндетеді; ән сала алмайтындары табақтарын  оқтауларымен тоңқылдатып ырғаққа ілеседі, әйтеуір әркім әлінше атсалысады. Сағат түскі 12:00-де коронавируспен арпалысып жатқан ақ халатты абзал жандарға алғыс білдіріп қол шапалақтайды. Құрметті ағайын, Сіздерге айтарым: карантин режимін толығымен орындау сіздердің ең басты міндетіңіз. Басқа елдердің бұл зұлым вируспен арпалыс тәжіриебелерін түйсікке түю. Тек аса қажет жағдай болмаса үйден шықпаңыздар! Сыртқа шықсаңыз қолыңызға міндетті түрде резеңке қолғап киіп, аузы-мұрыныңызға бетперде (масқа) тағып жүріңіз, әрдайым қолыңызды таза ұстаңыз, бактерияға қарсы гельдерді, антисептиктерді жиі қолданыңыз. Жұрттың арасында: «мен ол вирусты білемін, оқығанмын, маған ауру жұқпайды, жаңалықтың бәрі өтірік» деген қате ұстаным тараған. Бұл үлкен қателік. Италиялықтар тап осыдан үлкен запдап шегіп жатыр. Егер де сіз өзіңіз туралы ойлағыңыз келмесе, онда жақындарыңызды ойлаңыз, соларға пана болыңыз, кеңес айтыңыз. Тек сол кезде ғана, барлық жұрт бірдей стратегияны ұстанған уақытта – бұл COVID-19 коронавирусына төтеп бере аламыз! Басымыз аман, денсаулығымыз мықты, еліміз тыныш болғай.

Құрметпен, Фараби ТЕМЕНОВ.

Рим, Италия, 26.03.2020

Сурет карантинге дейін түсірілген