Ит жылы ырысқа толы болсын!

«Туған ай тураған етпен бірдей» демекші, айлар аунап, күндер жылжып отырып, ұлттық мерекеміз — әз Наурыз да келіп жетті. Барша Алаш жұртын, «ElAna.kz» сайты атынан жаңа жыл — Наурыз мерекесімен шын жүректен құтықтаймыз! «Ит келсе ырысымен, құс келсе құтымен» деп ырым ететін халқымыздың әр шаңырағында шаттық үзілмесін! Осыдан екі жыл бұрын қазақтың ақпарат әлеміне тарыдай болып қосылған «ElAna.kz» сайты, биыл екі жасқа толды. Жобасын талайдан бері жасап келсек те, уақыт байланысымен оқырман назарына тура наурыздың алғашқы күнінде ұсынылған болатын. Сонан бергі уақытта ептеп буынын бекітіп, қанатын қатайтып келе жатқан жайы бар. Ең зор арманымыз, Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» бола алсақ деп үміт етеміз. Ол үшін де өздеріңіздей талғамы биік оқырмандармен, қаламы ұшқыр авторлардың қолдауы қажет. Біз ақпарат айдынына құлаш сермеуден ілгері өзіміздің мақсатымызды белгілеген, әрі сол ұстанымнан таймасқа бел буған едік. Ол мақсат — елдік мақсат. Елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтай білсек, шаттығына қуанып, ауыртпалығын қосылып арқалай білсек деген едік. Бұдан былай да сол жолда еңбектене береміз. Арзан атақ пен рейтинг қуалап, «көр жер боз топырақтың барлығын сөз ету» бізге жат нарсе. Сондықтан, саналы оқырманның санасына саңылау түсіретін жазбалар жариялауды мақсат еттік. Рейтинг үшін қазақтың діліне (менталитетіне) жат, ұлттың намысын аяққа таптап жүрген тексіздердің шатпағы мен фотоларына бізде мәңгі орын жоқ. Осымен қатар сынадым екен деп сыңар жақтылы көзқараспен ұлттың ұландарына «жаптым жала, жақтым күйе» етуден де аулақпыз. Жұрттың жүйкесін жұқартпайтын, дәлелі толық, орта майданды ұстанатын шығармалар мен танымдық дүниелерді жариялаудан жалықпаймыз. Сіздерге де осыны ұқтырғымыз келеді. Осы жолда жетістіктеріміз де, кемшіліктеріміз де кездесіп жатса, тағы да өздеріңіздей ойлы оқырманнан шынайы сын күтеміз.

Баршаларыңыздың отбасыларыңызда қуаныш мол болсын! Ит жылы ырысқа толы болғай! «ElAna.kz» сайты барша Алаш жұртына жақсылықтар тілейді.

Сіздерге деген зор құрметпен, «ElAna.kz» сайты.