ІССАПАР

Бұған дейін Тұрар Рысқұлов ауданы, Жарлысу ауылының тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып отырғандарын айтқан болатын. Сапар барысында таза ауыз суға мұқтаж екенін көрдім.
Аудан әкімдігі “Жігер-2004” серіктестігімен сапалы су тарту бойынша 2020 жылы наурызда шарт жасасады. Жұмысты желтоқсан айында қабылдап алған.
Жобаға сәйкес тереңдік 200 метр болуы қажет. Алайда, бейне каратаж нәтижесіне сәйкес 1-ші ұңғыма – 159 м, 2-ші ұңғыма – 171 м болып шыққан. Салдарынан су шықпайды.
Ауылдағы ауыз су мәселесіне сұрау салып, былтыр Мәжіліс қабырғасында көтерген едім. Содан кейін су жүйесін тарту жұмыстарына қайта қан жүгіре бастаған болатын.
Биыл көктемде жұмысына қайтара кіріскен «Жігер 2004» серіктестігі 200 метр тереңдікке скважина қазған. Бірақ бұрғылау жұмыстарынан кейін тамшы да тамбаған. Өйткені қанша терең қылып қазса да су қорында су жоқ.
Енді аудандағы жауаптылар су шығарудың басқа жолын қарастырып жатыр екен.
Демек бұл ақша ауаға кетті деген сөз. Серіктестіктің де еңбегі еш кетті. Бұрғылағанмен бұлақ жоқ деген сөз. Мемлекеттің қаржысы желге ұшты.
Мен бұл жердегі басты қателік — жобалау жұмысының жүрдім-бардым жасалуында деп білемін. Яғни әу баста жобалық сметалық құжаттама (ПСД) дұрыс жасалмаған. Оны ат үсті жасаған адамдарды жауапқа тарту керек. Жұмысты созбалаңға салмай, сол 2020 жылы аяқтау керек еді.
Ал сол скважина қазушы серіктестіктің кепілдік уақыты аяқталуға жақын. Ертең мердігер «менің мерзімім аяқталды» деп ол кетеді. Содан ауыз су көзін табу жұмысы аяқсыз қалады. Бұл жауапсыздық, жобалау қателігі қашанғы қайталанады?
Мұндай жұмыстар республикамыздың біраз аймағы, аудан, ауылдарында болып жатыр. Сондықтан салғырт қарамай, тиісті орындар соңына дейін бақылауына алу керек. Кінәлі тарап жазаланып, сабақ алмаса қателік қайталана береді.

Guldara Nurumova