Исламдағы әйелдің орны-2

Сұрақ: “Исламда әйелдердің қадірі жоқ” деп айтылып жатады. Исламда әйелдердің орны қандай?

Жауап: Дінімізді білмейтін адамның Исламның әйелге берген қадірі туралы айтуы, соқыр адамның пілді сипаттап беруіне ұқсайды. Бір соқыр кісі пілдің аяғынан ұстап, “Піл тірек сияқты” дейді. Басқа бір соқыр адам пілдің денесінен ұстап “піл дуал сияқты” дейді. Тағы бірі пілдің тұмсығын ұстап “піл жылан сияқты” дейді. Көрген адаммен көрмеген адам бірдей болмайтынындай, білетін адаммен білмейтін адам да бір емес.

Еркектер үнемі кемшілікті өзінде деп ойлауы керек

Құран кәрімде адамға келген қиыншылықтар күнәларының себебімен келетіні білдірілуде. Фудайл бин Ияд хазреттері: «Дінге сай болмаған іс жасағанымды әйелімнің мінез өзгерісінен аңғаратын едім. Дереу ол ісіме тәубе еткенімде әйелімнің мінезі де дұрысталатын. Осылай тәубемнің қабыл болғанын түсінетін едім» деген. Олай болса мұсылман еркек әйелімен жақсы мәміледе болады. Өйткені еркектердің мойнында әйелдердің де ақылары бар. Хадис шәрифте: «Әйелдеріңді ренжітпеңдер! Олар Аллаһу та’аланың сендерге берген аманаты. Оларға жылы мәміледе болыңдар, жақсылық жасаңдар!» делінген. (Мүслим)

Үйге келгенде әйеліне сәлем беріп хал-жағдайын сұрау керек, ренішімен қуанышына ортақ болу керек. Өйткені ол басқалардан үмітсіз және өзіңе ғана байланған жолдасың, дертіңе ортағың, көңіліңді көтеруші, бала тәрбиелеп жетілдіруші және түрлі қажеттіліктеріңді толықтырушы.

Еркектер үнемі кемшілікті, кінәні өзінде деп ойлауы керек, «Егер мен жақсы болғанда, ол мұндай болмас еді» деп ойлауы керек. Әйелінің жақсылығын, арлылығын Алла Тағаланың берген үлкен ниғметі деп білу керек. Әйелінің жаман мінезіне жұмсақ, сабырлы мәміле жасау керек. Жақсылығы көбейіп, барлық ісін қуана қуана істегенінде оған дұға ету керек және Алла Тағалаға шүкір ету керек. Өйткені жақсы әйел үлкен ниғмет. Жақсы мәміледе болу тек қана оны ренжітпеу емес, сондай-ақ оның берген қиыншылықтарына да төзу деген сөз. Яғни еркек «мен жақсы күйеумін» дегісі келсе, әйелінен келетін қиыншылықтарға төзуі, сабырлы болуы керек. Хадис шәрифте: ««Әйелінің жаман мінезіне сабыр еткен еркек, Әййуб пайғамбардың сабыры үшін берілгендей сауаптарға қауышады» делінген. Жақсы мұсылман болу үшін әйелімен жақсы мәміледе болу шарт. Құран кәрімде де «Олармен жақсы мәміледе болыңдар!» делінген. (Ниса 19)

Ақылды ерлі-зайыптылар бір-бірлерін ренжітпейді. Өмірлік жарын ренжіту ақымақтықтың белгісі. Жаман мінезді адамның әйелі үнемі ренжи беріп, жүйке жүйесі тозады. Жүйке ауруына шалдығады. Түрлі ауруларға душар болады. Әйелі ауру болған адам бақытсыз болады. Әйелінің қызметінен, көмектерінен махрұм қалады. Бүкіл өмірі оның дертіне дауа іздеумен өтеді. Ал негізінде бүкіл бұл дерттеріне өзінің жаман мінезі себеп болған. Қанша өкінсе де, бұл өкінішінен ешқандай пайда болмайды. Олай болса, әйеліңе көрсеткен жаман мінезіңнің зияны өзіңе тиеді. Сондықтанда оған үнемі жылы жүзді, жұмсақ тілді болуға тырысу керек! Осыны іске асыра алған адам тыныштық және бақыт ішінде өмір сүреді, Алла Тағаланың разылығына да қауышады.

Дереккөз: islamdini.kz