Инвестициялар, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы: аймақ дамуының жаңа бағыты анықталды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бағыттар қаралды. Жиында 2025 жылғы күзгі дала жұмыстарының қорытындысы, геология және жер қойнауын пайдалану саласының дамуы, сондай-ақ «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының іске асырылу барысы талқыланды.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қаджибекова ауыл шаруашылығы маусымының нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 616,9 мың гектарды құрады.

Егін жинау жұмыстары толық аяқталған:

Дәнді дақылдар – 235,7 мың га
Майлы дақылдар – 259,5 мың га
Жемшөп дақылдары – 108,1 мың га

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту және шаруаларға қолдау шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.

Геология және жер қойнауын пайдалану: 552,9 млрд теңгенің жобалары іске қосылмақ.

Отырыс барысында облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсатөңірдегі геологиялық әлеует туралы айтты. Қазіргі уақытта ШҚО аумағында түрлі санаттағы 250-ден астам кен орны бар, оның 25-і – алтын кен орындары.

2024 жылдың III тоқсанында ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға:

жалпы құны 552,9 млрд теңгені құрайтын,
тау-кен өндіру саласындағы 6 ірі жобаенгізілген.

Бұл жобалар жүзеге асқанда 1,6 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Сонымен бірге өңірде ірі тау-кен және металлургиялық кәсіпорындарға экологиялық бақылау күшейтіліп, заңсыз пайдалы қазбалар өндірудің алдын алу мақсатында жүйелі шаралар қабылданып жатыр.

ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Сапарғалиев өңірдегі интернет инфрақұрылымын дамыту бойынша ақпарат берді.

2025 жылғы қаңтар – 20 қараша аралығында:

28 елді мекенге интернет қосылды.
Жыл соңына дейін тағы 27 ауылды қосу жоспарланған.

Нәтижесінде тұрғындарды тұрақты интернетпен қамту деңгейі 99%-ға жақындайды.

Облыс әкімі шалғайдағы ауылдарға және туристік нысандарға Starlink спутниктік терминалдарын орнату мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Отырыс қорытындысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің кешенді дамуы үшін айқын міндеттерді атап өтті:

«Біздің басты мақсатымыз – әр саладағы жұмыстардың тиімділігін арттыру. Ауыл шаруашылығында өнімділікті көтеру үшін техника паркін жаңарту өте маңызды. Геологиялық барлау мен өнеркәсіпке инвестиция тарту – Шығыс Қазақстан экономикасын ұзақ мерзімді дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар интернет инфрақұрылымын кеңейту – халықтың өмір сапасын арттыратын негізгі факторлардың бірі. Сондықтан шалғай ауылдарға қосымша Starlink терминалдарын орнату мүмкіндігін мұқият қарастыру қажет», – деді өңір басшысы.

Өңір басшысы  сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамыту, мал шаруашылығының тиімділігін арттыру, жер және су ресурстарын басқаруды жетілдіру, «Ауыл аманаты» жобасын халыққа түсіндіру және ақпараттық қолдау жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

Тәттімбек Асханұлы

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің

ШҚО бойынша меншікті тілшісі