Инновацияларды енгізу – болашаққа қадам
Инновация экономиканың басты драйвері екені анық. Қазақстанның инновациялық экожүйесі салыстырмалы түрде жас, бірақ қарқынды түрде дамып келеді. Бұл – өзара бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейтін жүйе: мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық, инвесторлар, стартаптар, академиялық институттар және технологиялық инкубаторлар. Алматы қаласы – еліміздің экономикалық, қаржылық және технологиялық орталығы. Соңғы жылдары қала әлемдік трендке сай инновациялық даму бағытын белсенді түрде нығайтып келеді. Инновация – тек жаңа технология емес, ол экономиканы әртараптандырудың, өмір сапасын жақсартудың, басқаруды тиімді етудің және қаланың жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты құралы. Сондықтан Алматы үшін инновацияларды енгізу – стратегиялық міндет. Қалада IT-инфрақұрылымның дамуы, стартап экожүйесінің кеңеюі, «ақылды қала» технологияларының енгізілуі, цифрлық қызметтердің қолжетімді болуы Алматыны инновациялық орталыққа айналдыруда. Алматы Қазақстандағы цифрлық трансформация көшбасшыларының бірі мәртебесін сенімді түрде сақтап келеді. «Ақылды қалалар» ұлттық рейтингінде мегаполис үшінші жыл қатарынан екінші орынды иеленіп, тек елорда – Астанаға жол береді. Даму динамикасы әсерлі: цифрландыру индексі 2022 жылғы 62 баллдан 2024 жылы 82 баллға жуық өсіп, елдегі ірі қалалар арасында ең айқын ілгерілеулердің бірін көрсетті. Цифрландыру басқармасы мамандарының айтуынша, бірыңғай цифрлық контурдың қалыптасуы қаланы басқаруды жедел және нақты етіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және қажетті қызметтерге қолжетімділікті жылдамдатуға мүмкіндік береді. Мамандар Алматы технологияларды енгізу ауқымы мен қарқыны бойынша өңірдегі озық мегаполистер деңгейіне жақындағанын атап өтті. Алдағы цифрлық трансформация қаланың толыққанды инновациялық орталыққа айналуының іргетасын қалады.
Алматы – еліміздегі стартаптар саны ең көп орналасқан қала. Мұнда технопарктер, акселераторлар, ғылыми орталықтар, IT-компаниялар шоғырланған. Олардың ішінде «Алатау» инновациялық технопаркі, Astana Hub-тың Алматы филиалдары мен серіктес кеңістіктері, жеке IT-хабтар, халықаралық компаниялардың өкілдіктері орын алған. Қаланың инновациялық әлеуетін арттыратын негізгі фактор – мықты адами капитал. Алматыда Қазақстандағы жетекші университеттер орналасқан, жастардың ІТ және инженерлік бағыттарға қызығушылығы жоғары. Сондай-ақ қала экономикасының 70%-ға жуығы қызмет көрсету саласына тиесілі, ал бұл сектор цифрландыруды қажет етеді. Алматыда соңғы жылдары қаланы цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Тұрғындар үшін барлық төлемдер, есептегіш көрсеткіші, өтініш беру процестері онлайн режимге көшірілді. Инновацияның дамуы тек технологияға емес, оның айналасындағы экожүйеге де тәуелді. Алматыда стартаптарға арналған акселераторлар, бизнес-инкубаторлар, венчурлық қаржыландыру бағдарламалары, халықаралық ІТ-конференциялар жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл орталар жас кәсіпкерлердің өз жобаларын дамытып, инвесторлармен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қалалық әкімдік көрсететін көптеген қызмет түрі онлайн форматқа көшті. Халық анықтамаларды, құрылысқа рұқсаттарды, әлеуметтік өтініштерді, ЖК және бизнеске қатысты тіркеулерді электронды түрде рәсімдей алады. Бұл жүйе бюрократияны азайтып, тұрғындардың уақытын үнемдейді. Алматы медицина саласында да цифрландыруды біртіндеп енгізіп келеді электрондық денсаулық паспорттары, онлайнизицияланған емхана жүйелері, телемедицина қызметтері, смарт-диагностика жабдықтары қолданыла бастады. Бұл жаңа технологиялар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырады. Алматыда білім беру саласы цифрлық формаларға бейімделіп, мектептер мен жоғары оқу орындарында STEM кабинеттер, робототехника зертханалары, цифрлық кітапханалар, онлайн оқу платформалары кеңінен енгізілуде. Жас буынның ІТ кәсібіне қызығуы артып келеді. Инновациялық дамудың қала өміріне тигізетін әсері орасан зор. Инновациялық компаниялар жоғары қосылған құнды өнім шығарады, нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады, салық түсімі көбейеді, халықаралық инвесторлар тартылады. Smart City жобалары, цифрлық қызметтер, интеллектуалды басқару жүйелері. Алматы аймақтық IT-хаб ретінде Орта Азиядағы жетекші позициясын күшейтеді. Инновациялық орталықтар жас мамандардың стартаптарын қолдап, жаңа идеяларын жүзеге асыруға жағдай жасайды. Қызмет сапасының артуы – қала дамуының маңызды көрсеткіші.
2025–2030 жылдары Алматыда инновациялық даму бағыты мынадай жоспарларды қамтиды. Толық цифрланған қалалық басқару жүйесін енгізу экологиялық бағыттағы «жасыл технологияларды» дамыту, жасанды интеллект, Big Data, роботтандыру салаларын кеңейту, стартаптарды қолдау үшін жаңа гранттық бағдарламалар ашу, қала инфрақұрылымын интеллектуалды жүйеге көшіру, электронды қоғамдық қызметтердің 100% қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Бұл жоспарлар Алматыны цифрлық, экологиялық таза, инновациялық мегаполиске айналдыруға бағытталған. Бүгінгі таңда Қазақстанда инновацияларды дамыту және инновациялық экожүйені құру, ғылымды қажетсінетін экономиканы құру бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Алматы цифрландырудың келесі кезеңіне дайындалуда, ол қалалық өмірдің негізгі салаларын қамтиды. Жоспарда жасанды интеллектке негізделген, тек тұлғаларды ғана емес, төбелес, рұқсатсыз сауда, көшедегі қоқыс жиналуы сияқты жағдайларды да автоматты түрде анықтай алатын интеллектуалды жүйелерді енгізу бар. Сонымен қатар, сенсорлар желісі кеңейтіліп, инженерлік желілердің цифрлық егізі жасалуда. Бұл коммуникациялар жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға және кез келген ақауға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Интеллектуалды бағдаршамдар көлік қозғалысын оңтайландырады, ал экологиялық ЖИ-модельдер ауа сапасын болжайды.
Инновацияларды тікелей немесе жанама түрде дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау кең заңнамалық негізге ие және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің әртүрлі нормативтік құқықтық актілері мен құжаттарында көзделген. 2021 жылғы 26 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің № 520 Жарлығымен №8 Жалпыұлттық басымдық «Әртараптандырылған және инновациялық экономика құру» болып белгіленді. Инновацияларды қолдау жөніндегі міндеттер Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарында, Цифрлық трансформация тұжырымдамасында, 2023-2029 жылдарға арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласын дамытуда да көзделген.Алматы қаласы инновацияларды енгізу бойынша Қазақстандағы жетекші орталықтардың бірі. Қалада цифрландыру, ақылды технологиялар, стартап экожүйесі және жаңа IT-қызметтер күн сайын кеңейіп келеді. Инновациялар – экономиканың тұрақты дамуына, халықтың өмір сапасының артуына, жастардың жаңа мүмкіндіктерге ие болуына жол ашады. 2024–2030 жылдар аралығында Алматы толыққанды интеллектуалды қалаға айналып, аймақтық технологиялық хаб мәртебесін нығайта алады.
Г.Тұрсынқожа

